Қаңғыбас ит — бүгінгі күннің мәселесі
Қазақ үшін жеті қазынаның бірі саналатын ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Себебі, үйсіз-күйсіз, көше кезген ит көп. Қаңғыбас иттер алғалықтардың үрейін қашырғалы қашан. Әсіресе, баласы үшін уайымдайтын ата-ана қарғыбауы жоқ иттердің саны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Осы мәселе төңірегінде бірнеше мекемелердің есігін қақтық. Өйткені, күн қысқарып, түн ұзарған уақытта қаңғыбас иттердің мектептен үйге бет алған оқушыларға, қала берді жұмыстан келе жатқан адамдарға да қауіп төндірген жағдайлар аз кездеспей тұр. Иттерге қатысты мәселені Instagram, Facebook әлеуметтік желісіне жүктеп, тиісті шараларды қолдану керектігін айтып, тұрғындар дабыл қағуда.
Біз де дереу қолға қалам алып, жауапты мекемелердің есігін қақтық. Себебі бұл мәселе аудан үшін өте өзекті. Осы тақырыпты өткен жолы мақалаға арқау етсек те, түйіні тарқаталымай тұр. Мән-жайды білмекке аудандық ветеринария бөліміне бардық. Бөлім басшысы Баубек Мұхамбеталин жауап берді.
- Біздің мекеме иесіз ит пен мысықты жою жұмысымен де айналысады. Қазір қала бойынша бригада жұмыс жасауда. Олар көлікпен, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері аудан бойынша 446 иттің жойылды. Осы аптада қала бойынша 2 итті ауладық. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 13 ит тістеу жағдай орын алды. Осы тұста айта кетейін, 2021 жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойылып күшіне енді. Аталған заңға байланысты қараусыз қалған қаңғыбас иттерге жауапкершілікпен қарау көзделген. Сонымен қатар, заңнын 15 бабында қаңғыбас иттер адам және жануарлар өміріне қауіп төндірген жағдай да оларды жансыздандыру көзделген, – дейді сала басшысы.
Мамандар қауіпті иттердің толықтай ауланатындығын айтып, уәде беруде. Сонда да, көпшілік бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Олар көшеде қаптап жүрген бұралқы иттер балаларымызды қауып алып жүрмесе еді деп қорқады. Халықтың алаңдайтын жөні бар. Өйткені, адамдардың итке таланған жағдайы бірнеше рет қайталанған. «Әлде, жауапты мекемелер иттердің адамды қапқанын күтіп жүр ме?» деген кіжіністерін де жасырмайды.
Аудандық емханаға барып, травмотолог Қайрат Кушекбаев сөзге тарттық.
- Шыны керек, бізге аптасына 5-6 адамға дейін келіп, өзінің ит тістегенін айтып, көрініп, қажетті ем алып жатады. Жыл басынан бері 100-ден аса адам осындай жағдаймен келді. Олардың барлығына қажетті ем жасалды, арнайы вакцина да салынды. Ал, ветеринар мамандар тістеген итті он күнге қамаққа алып, суын, тамағын беріп зерттейді. Егер иттің жағдайы дұрыс болса, бізге саулығы жөнінде анықтама береді. Осы уақытқа дейін құтырған иттер болған емес. Көбінесе, көршісінің иті немесе қонаққа барғанда сол үйдің иті тістеп жатады. Дегенмен де, қаңғыбас ит тістеді деп келетіндер де аз емес. Бүгін қаладан бір жасөспірім бала келді. Қолы мен аяғын тістеп алыпты. Қажетті көмекті көрсеттік. Шыны керек, жағдай былтырғыдан көбеймесе азайған жоқ, – деді дәрігер.
Жер бетінде жаратылған жаны бар мақұлұққа да жанашырлық танытуымыз керек. Бірақ, төрт аяқтының амандығын ойлап жүргенде, адам баласының шарасыз күй кешіп отырғаны көңілге қаяу салатыны ащы болса да шындық. Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?!
P.S: Бұл мәселені шешу жолында құзыретті органдардың өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып жатқанына күмәніміз бар. Мәселен, (Алға қаласының тұрғыны М.Т есімді азамшаның өмірлік тәжірибесінен алып отырмыз) баланы ит қауып алған соң құзыретті орган қызметкерлері, бұл жерде аудандық ветеренариялық станциясы, 10 күн итті бақылауға алу керек болатын. Бақыламақ түгілі, 8 күн маңына да жоламады. Сонда, ветеринарлар біржола справка беруге келейін деп тұр ма деген сұрақ мазалайды. Мәселе – жауапкершілікте. Өйткені, иттің не сау, не ауру екенін білгенше бұл жерде тек қана жәбірленушілердің жүйкесі жұқарады.
Мәншүк САПАРОВА