Мемлекеттік қызметке іріктеудің онлайн жүйесі
Соңғы жылдары мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік басқаруды жетілдіру, кадрлық саясатты жаңарту және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу тәсілдері жаңартылып, заманауи цифрлық технологияларға негізделген жаңа жүйе енгізілді.
Бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау бұрын болмаған онлайн іріктеу жүйесі, яғни eqyzmet.gov.kz ашық порталы арқылы жүзеге асырылуда. Жаңа жүйенің басты мақсаты кадрларды іріктеудің ашық, әділ және баршаға тең мүмкіндік беретін механизмін қалыптастыру. Бұл үміткерлер үшін конкурстық рәсімдерді жеңілдетіп, уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, кәсіби әрі білікті мамандарды тартуға бағытталған.
Конкурс кезеңдері онлайн режимде өткізіледі. Үміткерлер алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерге кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатыса алады. Бұл әсіресе шетелде жүрген немесе еліміздің басқа өңірінде тұратын азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. Бұрыңғыдай қағаз құжаттарды тапсыру қажеттілігі жойылып, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жасалуының арқасында үміткердің қажетті деректері автоматты түрде тартылады.
Тестілеу процесі оңтайландырылып, нормативтік-құқықтық актілер саны қысқартылды. Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Сонымен қатар тестілеу процесі арнайы бақылау жүйелері арқылы жүргізіліп, оның ашықтығы мен әділдігі қамтамасыз етіледі.
Тестілеуден кейін үміткерлер жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Бұл кезең жауапкершілік, адалдық, бастамашылдық, командада жұмыс істеу қабілеті және стресс жағдайында шешім қабылдау дағдыларын анықтауға бағытталған. Сондай-ақ үміткерлер сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңінен өтеді. Кейбір жағдайда эссе жазу кезеңі де қарастырылған. Бұл әсіресе басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін міндетті. Эссе жазу арқылы үміткердің аналитикалық ойлау қабілеті, мемлекеттік саясатқа қатысты көзқарасы және өз ойын жүйелі жеткізу дағдылары бағаланады.
Конкурстың соңғы кезеңі сарапшылармен әңгімелесу болып табылады. Әңгімелесу бейнебайланыс арқылы өткізіледі және тек конкурстың алдыңғы кезеңдерінде ең жоғары балл жинаған үміткерлер қатысады. Мұнда үміткердің кәсіби тәжірибесі, бұрыңғы жұмыс орындарындағы қызмет бағыты және жеке қасиеттері бағаланады. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша конкурс жеңімпазы автоматты түрде анықталады.
Төменгі лауазымдарға конкурстарда практикалық бағалау кезеңі енгізілген. Үміткерлер үш күн ішінде нақты жұмыс жағдайларына сәйкес тапсырмаларды орындап, ең көп балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады.
Іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «адами фактордың» ықпалы азайтылды. Үміткерлердің дербес деректері құпия сақталып, ID нөмірлер арқылы белгіленеді. Сонымен қатар тәуелсіз прокторинг жүйесі тестілеу барысында ережелердің сақталуын бақылап, әділдікті қамтамасыз етеді.
Жаңа жүйе арқылы мемлекеттік қызметке қызығушылық айтарлықтай артты. Мәселен, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдардағы бос және уақытша бос лауазымдарға орналасу үшін 518 конкурс өткізілді, оған 4112 адам қатысты. 2024 жылмен салыстырғанда бір орынға шаққандағы үміткерлер саны 1,8-ден 7,9 адамға дейін өсті. Соның нәтижесінде 338 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданды.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, кәсіби және бәсекеге қабілетті кадрларды қалыптастыруға ықпал етуде. Цифрлық технологиялардың енгізілуі мемлекеттік қызметке деген сенімді нығайтып, қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланысты күшейтуде.
Аружан Есмурзаева
КР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы