
Мектеп – тек білім ордасы ғана емес, жас ұрпақты тәрбиелеудің, рухани қалыптастырудың алтын ұясы. Осы ұлы миссияны абыроймен атқарып келе жатқан жандардың бірі – Алға ауданы, Тоқмансай орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ескельдина Айзада Абдигалиевна.
Айзада Абдигалиевна – білім саласында 40 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ардақты ұстаз. Ол өз кәсібіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білетін, шығармашыл әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары педагог. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол еңбекке ерте араласып, ұстаздық жолды саналы түрде таңдаған.
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі ретінде Айзада Абдигалиевна оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда, шығармашылық қабілетін шыңдауда табанды еңбек етіп келеді. Оның сабағы – тек еңбекке үйрету емес, өнерге баулу, шеберлік пен талғамды ұштастыру. Шәкірттері аудандық, облыстық деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр.
Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары ретінде мектептегі тәрбие жұмысының жүйелі, мазмұнды және сапалы жүргізілуіне басшылық жасап келеді. Ол оқу ордасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, оқушылардың патриоттық рухын қалыптастыру, мәдени-рухани іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Айзада Абдигалиевна – ұжымда беделді, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер ұстаз. Оның әдістемелік жұмыстары мен тәрбие бағытына арналған жобалары аудандық және облыстық семинарларда тәжірибе ретінде таратылып жүр.
Ұстаз еңбегі ескерусіз қалған емес – Айзада Абдигалиевна ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл марапаттар – оның ұзақ жылғы жемісті еңбегінің, кәсіби шеберлігі мен адами келбетінің айқын дәлелі.
Ескельдина Айзада Абдигалиевна – өз ісінің шебері, тәрбие мен өнердің ұштастығын үйлестіре білген, жас ұрпаққа шынайы жанашырлықпен қарайтын педагог. Оның еңбегі – білім мен тәрбиенің алтын діңгегіне айналған. Мұндай ұстаз – мектептің тірегі, ел болашағының кепілі.
Құрметті Айзада Абдигалиевна! Сізді зейнеткерлікке шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ғұмырыңыз ұзақ, денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман болсын! Ізгі ниетпен: Тоқмансай орта мектебінің ұжымы (далее…)