Алға аспанында ән қалықтайды…
…Аудандық мәдениет бөлімінің жазғы жоспары бойынша, әр жұма сайын қала халқына және меймандарына көңілді кеш сыйлау үшін сан алуан мәдени шаралар ойластырылған — ол, жеке өнерпаздың шығармашылық кеші ме, болмаса, ауыл өнерпаздарының өздерін көрсетер шымыр шағы ма, көзі қарақты оқырман мен өнер сүйер қауым өзі байқап, бағамдап алар… Аудандық газет барлық шарадан қалмай жариялап отыр. Бүгінгі тақырып — караоке ән жарысы жайлы.
«Әу демейтін қазақ жоқ»
…Өткен жұмада ұйымдастырылған қазақ, орыс, басқа да ұлт тілдеріне арналған караоке кеші осы бір әдемі үрдістің жалғасындай болды. Жапон тілінен аударылған бұл сөз, «кез келген адам айта алады» дегенді білдіреді екен.
Кештің шымылдығын Мәдениет үйінің әншісі Марат Жанатұлы Шәмшінің «Сыған серенадасымен» ашып, көрерменді бірден шадыман көңіл күйге жетелеп әкетті.
Экранға тек белгілі әндер жазылған жоқ, кездейсоқтық амалымен алына салынған кез келген әнге де орындаушы табылды. Кішкентай бөбектерден бастап, кейуаналарға дейін ән шырқады. Тіпті бір кішкентай көрермен ағылшынша өнер көрсетті.
Сондай-ақ жұмада өтетін кез келген шараны көтеріп әкететән «Белсенді өмір орталығының» мүшелеріне алғысымыз көп. Тағы бір қуантқаны – «Шипагер» сауықтыру орнына келген демалушылар да мәдени шаралардан қалмай жүр.
Жазғы кештің көңілді өтуіне үлкен мән беріліп отыр. Бұл дәстүр күзге дейін жалғасын табады.
Көрерменге кішкентай базына
Аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері мен мәдениет бөлімі қала тұрғындарының жазғы кештерін көңілді өткізуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Алайда, осындай тегін мәдени шараға да адамдар аз жиналады. Жаздың жайлы кешінде ән-күй тыңдап, би билеп қайту үшін не кедергі? Шаралар да кешкі сағат сегізге арнайы қойылған — мал сауылып, кешкі тамақ әзірлеп болған соң еркін демалатын уақыт.
Мәдени шаралар екі сағатқа созылады, сонда да саябаққа жақын тұратын қалалықтар «кешкі уақытта мазамызды алдыңыздар» деп өкпе айтады.
Мәдени шаралар өтпесе — арыз, өтсе-өкпе. Чернышевский айтпақшы: «Енді қайттік?».
Ш.Нұр