Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда Каспий теңізін сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтуы – уақыт талабынан туған өте маңызды бастама. Соңғы жылдары Каспийдің тартылуы, теңіз айдынының азаюы экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық қауіп-қатерге де айналып отыр. Теңіз деңгейінің төмендеуі балық шаруашылығына, өңірлік климатқа, жергілікті халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені тек Қазақстан аясында шешу мүмкін емес, оған Каспий маңындағы барлық елдер ортақ жауапкершілікпен қарауы тиіс. Арал теңізін сақтап қалу тәжірибесі көрсеткендей, кешенді және ұзақ мерзімді бағдарлама нақты нәтиже бере алады.
Президент атап өткендей, суды «қара нарықта» заңсыз сату, рұқсатсыз бұру сияқты әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылуы қажет. Бұл – құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана шешіледі. Сонымен қатар су үнемдейтін технологияларды енгізу ісін жылдамдату – басты міндеттердің бірі. Бұл үшін шетелдік тәжірибені тарту, ең озық ғылыми жетістіктерді қолдану қажет. Халық арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру да кем түспейтін мәселе, өйткені тек институционалдық шаралар жеткіліксіз. Бүгін қабылданатын шешімдер ертеңгі ұрпақтың өмір сапасына әсер етеді. Демек, Каспийді сақтау – бұл тек табиғатты қорғау емес, болашаққа деген жауапкершілік.
Арыстан Сахинаев
Белсенді жас