Конституция жобасында «Президент» бөлімі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды
Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін жеке бап болады. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.

— Жобада «Президент» бөлімі тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды. Өзгерістердің бір бөлігі Президентке қатысты сайлауды өткізу және ант беру мерзімдерін бекітеді. Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына, кадрлық мәселелерге, норма шығармашылық функцияларына қатысты өкілеттіктерін реттейтін бапқа бірқатар түзету жасалды, — деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, бұл бөлімде Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін жеке бап орналастырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) төртінші отырысы өтті.
Kazinform агенттігінің сайтында әдеттегідей отырыстан тікелей эфир ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелерді жетілдірді.
https://kaz.inform.kz/news/konstitutsiya-zhobasinda-prezident-bolm-tuzhirimdamalik-turgidan-kayta-karaldi-06f385/