«Жайдарман» әзілкештері Алға ауданы әкімінің кубогін сарапқа салды. Наурыз мерекесінде Алға ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Алға ауданының кубогі-2024» Жайдарман ойыны өтті.
Жайдарманға Әйтеке би, Мұғалжар, Байғанин, Ырғыз аудандарынан және жергілікті жайдарманшылардан құралған 12 команда қатысып, бағын сынады.
Қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізуге тырысқан командалар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.
Тартысты сайыс нәтижесінде «Байғанин құрамасы» 100.000 теңге ұтып алып, еліне олжалы қайтты. ІІ орынды қанжығасына байлаған мұғалжарлықтардан құралған «Эконом класс» құрама командасы 70 000 теңге қаржылай сертификатқа қол жеткізді. Қарсыластарымен қатар тартысты ойын көрсеткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан құралған «Juicy» құрама командасы жүлделі ІІІ орынға ие болып, 50 000 теңге сертификатты ұтып алды.
Жайдарманда ерекше көзге түсіп, кештің үздік ойыншысы атанған Ембі құрамасының мүшесі Ермахан Байдырахман 30 000 теңге ұтып алды.
Мәншүк ӨМІРХАНҚЫЗЫ