Қайрат Балабиев: Заң мен тәртіп – мемлекеттіліктің мызғымас діңгегі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ қоғамы бүгінде тарихи таңдау мен эволюциялық жаңғыру кезеңінде тұр. Ата заңға енгізіліп жатқан ауқымды өзгерістер елдіктің жаңа сапасына көшу десек болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев реформалардың мәнін бабалар аманаты мен заманауи геосаяси қажеттілік тұрғысынан пайымдап, өз ойын ортаға салды.
Депутаттың пайымынша, қазақ даласында заң мен тәртіп жүйесі ешқашан үзілген емес. «Қасым ханның қасқа жолынан» бастап «Жеті жарғыға» дейінгі заңдар жиынтығы көшпелі жұрттың құқықтық мәдениеті биік болғанын көрсетеді.
– Бабаларымыз қанша жаумен алысып өтсе де, өзінің заңы мен тәртіптік жүйесі ықылым заманнан қалыптасқан елміз. Заң мен тәртіп жоқ жерде мемлекет тұрмақ, отбасын құрудың өзі мүмкін емес. Күлтөбенің басында күнде кеңес еріккеннен өткен емес, онда мемлекеттік маңызды мәселелер шешілді, – деп атап өтті Қайрат Балабиев.
Депутаттың пікірінше, бүгінгі реформалар – сол баяғы «Дала Парламентінің» заманауи үлгісі. Ал Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен халық арасын жақындата түскенін айтады.
Балабиев Қазақстанның «суперпрезиденттік» басқарудан бас тартуын тарихи шешім деп бағалайды. Ол Президенттің өз өкілеттіктерін шектеп, туыстарына лауазымды қызметтерді шектеуін нағыз мемлекетшілдіктің үлгісі ретінде сипаттайды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев базбіреулер айтып жүргендей «билікқұмар» болса, Конституцияға мұндай баптар енбес еді. Президент билікқұмар емес, керісінше мемлекет пен елге аянбай қызмет қылуды мақсат еткен біртуар тұлға. Президенттің атқарып жатқан жұмыстарын сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көзбен көру керек, – дейді депутат.
Депутат Қайрат Балабиев мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – Вице-президент лауазымының енгізілуі екенін айтады.
– Бүгінгі таңда қазақ билігіне бір ормабасар сұранып тұр. Күтпеген жерден басшысыз қалған мемлекеттерде басқару ісін Вице-президент жалғастырады. Билік транзитінің алдын алу үшін жаңадан басшы тағайындалғанша ел басшысыз қалмауы қажет. Бұл әлемнің дамыған елдерінде електен өткен басқару үлгісі, – дейді ол.
Депутаттың пайымдауынша, Вице-президент Президенттің ықпалын әлсіретпейді, керісінше халықаралық форумдарда ел мүддесін қорғап, Парламентте мемлекет басшысының атынан сөз сөйлеп, атқарушы биліктің жүгін жеңілдетеді. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асыруға жәрдемдесетін тетік.
Соынмен қатар Заң шығарушы органның атауын «Құрылтай» деп өзгерту мен оны бірпалаталы жүйеге көшіру мәселесіне де тоқталды.
– Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту – көпшіліктің көңілінен шыққан қадам. Енді 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Құрылтай заңдарды «жеті рет өлшеп, бір кесіп» қабылдайтын болады. Ал жаңадан құрылатын Халық кеңесі заңдардың халық мүддесіне сай жазылуын қадағалайтын жоғары консультативті органға айналады, – деп түсіндіреді депутат.
Қайрат Балабиев заңды күшейтумен қатар, ұлттық тәрбиенің де мәні зор екенін алға тартады. Ол Абай аңсаған «Толық адам» идеясы мен Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының үндестігіне назар аударады.
– Текті халықтың ұрпағы азғын ұлтқа айналмауы тиіс. «Қазір кім боп барамыз?» деген сұраққа жауапты бабалар өсиетінен іздеуіміз керек. Бес жақсыға асық, бес жаманнан қашық қоғам қалыптасуы үшін әркім түзелуді өзінен бастауы тиіс. Егер біз Абайдың «Толық адам» идеясын санамызға сіңірсек, ұлт ретінде сақталып қаламыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел келешегін кемелдендіруге халық болып атсалысу керек. Президент бастамалары түгел орындалса, дамымаған сала қалмайды. Жаңа реформалармен жаңа Қазақстанның эволюциялық дәуірі басталады. Біздің мақсат – дау қуу емес, даму жолына түсу, – деп түйіндеді Қайрат Балабиев.
Айта кетейік, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев жаңа Конституция жобасы елдің саяси, құқықтық және қоғамдық дамуын айқындап, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейтетінін жеткізді.
Тегтер:
Пікір
Заң жобасы
Саясат
Конституциялық реформа
Камила Мүлік
Автор
https://kaz.inform.kz/news/kayrat-balabiev-zan-men-tartp-memlekettlktn-mizgimas-dngeg-21e22c/