Цифрлық сауаттылық – заман талабы

 Алға аудандық орталық кітапханасында  «50+WEB» кітапханалық жобасы аясында «Цифрлық сауаттылық — заман талабы» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.

Жобаның түпкі  мақсаты — елуден асқан егде жастағы буын өкілдерінің шығармашылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігін арттыру, жасанды интеллект туралы ақпарат беру, компьютерді қолдану жолдарын үйрету, алаяқтардан сақтану туралы мәліметтер беру.

Шара барысында «Жастық жігер» аула клубының робототехника үйірмесінің жетекшісі Кадиров Талғат Шаймердинұлы жасанды интеллект туралы бейнеролик көрсетіп, оның жасалу жолдарын слайд арқылы түсіндіріп өтті. Компьютер, ноутбукт құралдарымен таныстырып, оны қолдану жолдарын іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, Алға аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ержан Темірғалиұлы Казтұрғанов оқырмандарға алаяқтардан сақтану мен қорғану жолдарын кеңінен түсіндіріп, тың ақпаратпен бөлісті. Оқырмандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып,  жауап алды.

«Алаяқтық сөзі желдей, ісі – жалған» тақырыбында бейнеролик көрсетілді. Оқырмандардың көңіл-күйін көтеру мақсатында Мәдениет үйінің қызметкерлері Жұбан Айтмағанбетов, Аслан Сейіт «Аман ба?» әнін орындап кештің көркін келтірді.

Арнайы шақырылған кеш қонақтарына кітапхана ұжымының атынан «Алғыс хаттар» табысталды. Сауатты адам алаяқтықтан сақтанып, ақпараттық кеңістікте саналы шешім қабылдай алады. Сондықтан цифрлық сауаттылықты дамыту-жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының маңызды кепілі.

А.Досжанова,

Алға аудандық орталық кітапханасының

оқырмандарға қызмет көрсету

 бөлімінің кітапханашысы