Қызылша: бір екпе – мыңдаған өмірге қорған

Қоғам денсаулығы – мемлекеттің де, әрбір отбасының да басты байлығы. Соңғы жылдары жұқпалы аурулардың қайта белең алуы баршамызды бейжай қалдырмауы тиіс. Солардың бірі – ауа арқылы жылдам таралатын, салдары ауыр қызылша дерті. Бұл ауру «балалық шақтың жеңіл сырқаты» деген ескі түсінікті әлдеқашан жоққа шығарды. Қызылша – алдын алмаса, ауыр асқынуларға әкелетін қауіпті инфекция. Сондықтан оның алдын алу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.

Қызылша – ауа арқылы тез таралатын, өте жұқпалы вирустық ауру. Бұл ауру көбіне балалар арасында кездескенімен, ересектер де ауыр түрде ауыруы мүмкін. Қызылша дер кезінде алдын алынбаса, ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.

  • Қызылшаның негізгі белгілері:
  • дене қызуы 38–40°C-қа дейін көтерілуі;
  • әлсіздік пайда болуы;
  • бас ауруы;
  • жөтел;
  • мұрыннан су ағуы;
  • көздің қызаруы;
  • 3–5 күннен кейін беттен бастап, бүкіл денеге тарайтын қызыл бөртпелер пайда болуы.
  • Қауіпті асқынулары:
  • өкпенің қабынуына (пневмония);
  • құлақтың қабынуына (отит);
  • ми қабынуына (энцефалит);
  • кей жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
  • Қызылша ауруы әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар мен иммунитеті төмен адамдар үшін аса қауіпті!

         Алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация

Қызылшаға қарсы ең сенімді қорғаныс – екпе. Қазақстан Республикасының Ұлттық күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы вакцина балаларға:

  • 1 жасында
  • 6 жасында егіледі.

Вакцина қауіпсіз, тиімді және аурудың ауыр түрінің алдын алады. Уақытылы егілген бала тек өзін ғана емес, айналасындағы адамдарды да қорғайды.

  • Қосымша алдын алу шаралары:
  • Ауру белгілері бар адаммен байланысқа түспеу;
  • Қоғамдық орындарда жеке гигиенасын сақтау;
  • Бөлмелерді жиі желдету;
  • Иммунитетті нығайту (дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы).
  • Қызылша – алдын алуға болатын ауру. Әр ата-ана баласының екпе күнтізбесін қадағалап, дер кезінде вакцина салдыруы тиіс. Бұл – баланың денсаулығы мен болашағына салынған маңызды инвестиция.

Денсаулық – ортақ байлығымыз!

Қазіргі таңда елімізде қызылша ауруының тіркелу жағдайлары алаңдатарлық деңгейде сақталуда. Бұл аурудың өте жұқпалы екенін ескерсек, бір науқас адам бірнеше адамға жұқтыруы мүмкін. Әсіресе балалар мен иммунитеті төмен адамдар үшін қызылшаның қаупі жоғары.

Қызылша – жай ғана бөртпемен өтетін ауру емес. Ол өкпенің қабынуы, құлақтың қабынуы, ми қабынуы сияқты ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл дерттің алдын алу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.

  • Осыған байланысты Алға аудандық ауруханасында қызылшаға қарсы КҚП (қызылша–қызамық–паротит) екпесі белсенді түрде жүргізілуде. Аурудың таралуын болдырмау үшін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері демалыссыз, күн сайын халыққа вакцина салып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір ата-ана мен тұрғынның ортақ ісі. Уақытында салынған екпе – баланың ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осы орайда аудан тұрғындарын, ата-аналарды өз балаларының және өз денсаулығына бейжай қарамай, Алға аудандық ауруханасына келіп, екпе алуға шақырамыз. Вакцина қауіпсіз, тегін және аурудың ауыр түрінен сенімді қорғайды. Қызылшаның алдын алу – бүгінгі әрекет, ертеңгі денсаулық.

Бірігіп әрекет етсек қана, індеттің алдын аламыз!

И. Қалымбетов,

Алға аудандық ауруханасының 

 эпидемиолог дәрігері