«Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында мемлекет қызметіндегі басты қағидат ретінде Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау тікелей бекітілген.
«Бұл Мемлекет басшысының кең таралған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөзімен толық үндеседі. Сондықтан бұл – елге қорған болатын Конституция», – деді Ерлан Қарин.
Үшінші аспект ретінде Мемлекеттік кеңесші ұлттық бірегейлікті күшейтуді атады. Преамбулада Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы туралы тұжырым бекітілген. Бұл, оның айтуынша, мемлекеттің тарихи тамыры мен төл болмысын айқындай түседі. Сондықтан бұл Ата Заң – азаматтарға нақты құқықтық кепілдіктер ұсынатын құжат қана емес, сонымен қатар әр азаматқа оқыған сайын рух беретін Конституция екен.
Бұдан бөлек, Ерлан Қарин жаңа Конституцияның ең маңызды ерекшелігінің біріне арнайы тоқталып, жаңа Ата Заңның басынан бастап тұңғыш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленгеніне көпшіліктің назарын аударды.
«Бізде мемлекеттік тіл – біреу, жалғыз. Ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Жаңа Конституцияны әзірлеу үшін сырттан ешкім шақырылған жоқ. Бұл – өз азаматтарымыз, бүкіл ел болып талқылаған, әзірлеген Конституция. Яғни, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған Конституция. Сондықтан бұл – барша халыққа сенім беретін Конституция», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Стратегиялық жаңашылдықтардың қатарына білім беру, ғылым, инновациялар, мәдениет пен өнердің басымдығын бекітуді жатқызуға болады. Сондай-ақ алғаш рет Ата Заң деңгейінде цифрлық кеңістікте дербес деректерді қорғау нормасы енгізілді. Бұл адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі мен елдің технологиялық дамуға деген ұмтылысын көрсетеді.
«Осындай стратегиялық басымдықтарды айқындай отырып, Қазақстан болашақта білімді, ғылым мен инновация жетістіктеріне сүйенетін азаматтар еліне айналуға, сондай-ақ технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуға деген ұмтылысын нақты білдіреді. Сондықтан бұл – ел дамуына жаңа серпін беретін Конституция», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Елеулі өзгерістер саяси жүйеге де қатысты болды. Бір палаталы Парламентті енгізу, Вице-Президент институтын қалыптастыру, Халық кеңесін құру, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар үшін өкілеттік мерзімінің реттігін біреумен шектеу – мұның бәрі басқарудың заманауи әрі серпінді моделін қалыптастырып, бұрынғы саяси құрылымнан бас тартуды бекітеді.
Ерлан Қарин қолданыстағы Конституция Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарып, қол жеткізілген табыстардың берік іргетасына айналғанын атап өтті. Алайда қазіргі таңда әлем геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық өзгерістермен сипатталатын жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл саяси жүйелерді жаңа сын-қатерлерге бейімдеуді талап етеді.
Оның айтуынша, жаңа Конституция елдің тарихи дамуында жаңа кезеңді ашып, мемлекеттің одан әрі ілгері дамуының берік негізіне айналады. Сондықтан бұл – ел дамуының жаңа бағдарын айқындайтын Конституция.