Жаңа Конституция – білімге, инновацияға және адам құқығына негізделген болашақ бағдары

Меніңше, жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны негізгі өзекке айналдыру – өте орынды әрі стратегиялық шешім. Бүгінгі заманда елдің қуаты тек табиғи ресурстармен өлшенбейді. Нағыз байлық – білімді, бәсекеге қабілетті, ойы озық азаматтар. Сондықтан адам капиталы мен зияткерлік әлеуетке басымдық беру – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына жасалған маңызды қадам деп есептеймін.

Цифрландыру бағытының Конституциялық деңгейде көрініс табуы да – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Қазіргі таңда көптеген құқықтық қатынастар цифрлық ортада жүзеге асады. Осыған байланысты азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасының бекітілуі – қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз етудің кепілі. Бұл әр азаматтың дербес деректерінің қорғалуына және киберқауіптерден сақталуына құқықтық негіз қалайды.

Жалпы, жаңа Конституция мәтінінің адам құқықтарына бағытталуы ерекше қолдауға лайық. Адамның құқықтары мен бостандықтарының тек Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мазмұндық өзегіне айналуы – мемлекеттің басты құндылығы адам екенін нақты көрсетеді. Бұл – шынайы құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды ұстаным.

Сонымен қатар, дін мен мемлекеттің аражігінің айқын белгіленуі және білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы қағидаттарға негізделуі қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға ықпал етеді деп ойлаймын. Зайырлылық – әр азаматтың ар-ождан бостандығын құрметтеудің және мемлекет ісінің бейтараптығын қамтамасыз етудің кепілі.

Неке ұғымының ер мен әйелдің ерікті әрі теңқұқықты одағы ретінде белгіленуі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға бағытталған маңызды норма деп санаймын. Сонымен бірге, бұл әйелдердің құқықтарын күшейтуге, олардың қоғамдағы мәртебесін қорғауға құқықтық негіз береді.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы – заманауи сын-қатерлерге жауап беретін, адамға бағытталған әрі ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды құжат деп ойлаймын.

Ш.Жұмадулла,
№3 Алға қазақ орта мектебінің мұғалімі