«Сот кабинеті» – заманауи сот төрелігіне қадам
Қазіргі таңда сот жүйесінде цифрландыруға нақты қадамдар жасалып, құқықтық қызметтерді халыққа қолжетімді ету жұмысы жанданып отыр. Сол қадамдардың бірі – азаматтар мен заңды тұлғаларға арналған «Сот кабинеті» электрондық сервисі. Бұл жүйе сотқа жүгіну үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, сот қызметтерін тиімді әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
«Сот кабинеті» арқылы талап арыздар мен өтініштерді онлайн жолдау, сот істерінің қозғалысын бақылау, іс материалдарымен танысу, сондай-ақ сот актілерінің көшірмесін алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұның бәрі азаматтардың уақытын үнемдеуге, қаржылық шығындарын азайтуға нақты септігін тигізеді.
Электрондық сервистің енгізілуі сот жұмысының ашықтығын арттыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға, сондай-ақ сот қызметкерлерінің тиімділігін арттыруға жол ашты. Сол арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығы да артып, сот төрелігіне деген сенімі нығайып келеді.
Бүгінде өңір тұрғындары бұл сервистің тиімділігін сезініп, сот қызметтерін қашықтан алу мүмкіндігін белсенді пайдаланып отыр. «Сот кабинеті» – халыққа жақын, ашық әрі заманауи сот төрелігінің нақты көрінісі, заман талабына сай тиімді цифрлық құрал. Ол сот жүйесін халыққа қолжетімді етіп қана қоймай, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды бастама болып отыр.
А.Тналина,
Аудандық сот әкімшісінің
жетекші маманы