Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жүйелі саясаттың өзегі
Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз сұхбаттарында атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек жазалау шараларымен шектелмей, ең алдымен оның алдын алуға бағытталған жүйелі саясатты қалыптастыруды талап етеді. Осы тұрғыда түсіндіру және ағарту жұмыстары шешуші рөл атқарады. Бұл бағыт Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) негізгі бағдары болып, бүгінде ведомство қызметінің стратегиялық өзегіне айналды.
Агенттіктің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын туындататын себептер мен жағдайларды анықтап, оларды түбегейлі жою. Ол үшін тәуекелдерді ерте кезеңде айқындап, алдын алу тетіктерін енгізу көзделген. Аталған тәсіл өңірлік деңгейде де жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, бұл функция Агенттікке берілген сәттен бастап, Ақтөбе облысы бойынша Департаменті тарапынан 365 ағарту іс-шарасы өткізілді.
Бұл жұмыстар жергілікті және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарда, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жүргізілді. Кездесулер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, қызметтік әдеп нормалары, мүдделер қақтығысын болғызбау және заңнамадағы жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, 2025 жылы әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен 68 түсіндіру және оқыту іс-шарасы өткізіліп, қызметтік әдепті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қоғамда адалдық қағидаттарын нығайту мақсатында профилактикалық шаралар түрлі әлеуметтік топтарды қамтыды. Осы орайда облыс аумағында департаменттің ұйымдастыруымен мектеп директорлары, педагогтер және ата-аналар қауымдастығымен кең көлемді кездесулер өткізілді. Білім беру саласындағы ашықтық пен әділдік мәселелері талқыланып, жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін ортада сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру басты назарда болды.
Жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Осы мақсатта 250-ге жуық белсенді жастың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі» атты республикалық форум ұйымдастырылды. Форум аясында қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және әділдік құндылықтарын дәріптеу арқылы жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын нығайту көзделді.
Түсіндіру және ағарту жұмыстарымен қатар, талдамалық бағыттағы іс-шаралар да кешенді түрде жүзеге асырылуда. Агенттік төрағасының бекітілген жоспарларына сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республика көлемінде 22 салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу жоспарланған. Ақтөбе облысында бұл тізімге экология саласының енгізілуі қоршаған ортаны басқару саласындағы ашықтықты арттыру қажеттігін көрсетеді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында 29 салада мониторинг жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта Департамент мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен тұрғын үйді мемлекеттік бөлу мәселелері бойынша кешенді мониторинг жүргізіп отыр. Бұл жұмыстар әлеуметтік маңызы бар салаларда әділдік пен теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік кірістер саласында жүргізілген мониторинг нәтижесінде де бірқатар нақты тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда, рейдтік тексерістер кезінде бейнежазба құралдарының пайдаланылмауы және тексерілетін объектілерді іріктеудің нақты критерийлерінің болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыруы мүмкін екені белгілі болды.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан барлық жұмыстардың түпкі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ қоғамда заңдылық пен адалдық қағидаттарын орнықтыру. Бұл бағыттағы жүйелі саясат мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға берік негіз қалайды.
Бекзад Мамытханов,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаменті
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
басқармасының бас маманы