Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында еңбек ұжымының қатысуымен жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша кездесу өтті.

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Сабыр мен Қайырбек Тоқтаровтың қатысуымен өткен жиында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер, атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесіндегі, Парламент құрылымына қатысты жаңашылдықтар, адам құқығы мен бостандықтарын қорғау бағытындағы нормалар, әлеуметтік кепілдіктердің кеңейтілгені, алдағы жалпыхалықтық референдум жайы, т.б. талқыланды.
— Жаңа жоба — халықтың ұсыныстары мен пікірлері негізінде дайындалған құжат. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамында Ақтөбеден екі адам болдық, бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректоры Лаура Қарабасова және мен.
Жаңа Конституцияда әлеуметтік кепілдіктер кеңейтіліп, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау басты назарға алынды. Адам құқығы ең жоғары құндылық ретінде бекітілді. Отбасы мен баланы қорғауға қатысты нормалар күшейтілді. Балалардың өмір сүруіне, сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау мемлекеттің міндеті ретінде нақты көрсетілген. Алғаш рет экология мәселесі де Конституциялық деңгейде бекітілді. Әр азамат тазалықты өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Жастардың, волонтерлердің қызметі де қолдау тапты. Соңғы жылдардағы су тасқыны кезінде еріктілердің көрсеткен көмегін бәріміз көрдік. Енді олардың қызметі де заңдық тұрғыда бекітіледі, — деген облыстық мәслихат төрағасы еліміздің Парламенті құрылымына енгізілетін өзгерістер, жаңадан құрылатын институттар туралы да айтты. Сонымен қатар сала мамандарын ел дамуының болашағын айқындайтын жаңа жобаға дауыс беру мақсатында 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабыр бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдайды мысал ете отырып, еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды, сондай-ақ ел тұрғындарын Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Қалалық мәслихат депутаты Қайырбек Тоқтаров Парламент құрылымының өзгеруі, Президент өкілеттілігі, мемлекеттік тіл мәртебесі, цифрландыру, жастар мен білім мәселесі туралы пікірін білдірді.
— Әлемдік тәжірибеде унитарлы мемлекеттерде көбіне бір палаталы Парламент болады. Біздің ел көпұлтты мемлекет болғандықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түрлі тәуекелдің алдын алу, қоғамда текетірес болдырмау мақсатында екі палаталы Парламент жүйесін таңдады. Қазір уақыт өзгерді. Демографиялық ахуал да, қоғамдық жағдай да тұрақтанды. Сондықтан бір палаталы Парламентке көшу заңды қадам деп есептеймін.
Қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен орыс тілінің орны туралы да пікір айтылып жатыр. Демографиялық өсім қазақ халқының үлесінің артқанын айқын көрсетіп отыр. Дегенмен кез келген өзгерісті асықпай, тәуекелдерін ескере отырып жасау қажет. Бүгінгі таңда ең бастысы — елдегі тыныштық пен тұрақтылық. Жастар қазақ тілін де, орыс тілін де, ағылшын тілін де меңгеру керек. Қазіргі ғылымның басым бөлігі ағылшын тілінде. Тек аудармаға сүйенбей, түпнұсқамен жұмыс істей алатын деңгейге жетуіміз қажет. Сонда біз ешкімнен кем болмаймыз, — деді Қ.Тоқтаров.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.