Мемлекеттік қызметтегі әдеп, жауапкершілік және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалу мәселелері

Мемлекеттік қызметші халық пен билік арасындағы көпір. Оның әрбір сөзі мен іс-әрекеті қоғамның мемлекетке деген көзқарасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, қызметтік әдебі де аса маңызды.

Қызметтік әдеп- ресми талап қана емес, ол халық алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі. Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілер үшін негізгі қағидалар белгіленген: адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және азаматтарға құрметпен қарау. Бұл қағидаларды сақтау халық сенімін нығайтудың басты жолы.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын, бұзушылықтардың алдын алуын қамтамасыз ететін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жанынан аумақтарда құрылған консультативтік-кеңесші орган Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ерекше атауға болады. Әдеп жөніндегі кеңес қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қараумен қатар олардың құқықтарын қорғауды да жүзеге асырады.

Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, мәслихат депутаттары, журналисттер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысады. Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелердің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылады. Кеңес отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің шақырылуы мемлекеттік қызметшілер арасындағы бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шараларды кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңеске деген қоғамдық сенімнің қалыптасуына көмектеседі.

Жыл басынан бастап Ақтөбе облысында Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізілді. Бұл ретте, жылдан жылға кеңесте қаралатын тәртіптік істердің саны азайып, профилактикалық сипаттағы мәселелердің көбейгені байқалады. Оның дәлелі, 2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңесте 30 профилактикалық мәселе қаралған болса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 31-ге, ал 2025 жылы 46-ға көбейді.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылдап, белсенді жұмыс жасауда. Кеңес мүшелері отырысқа қатысып қана қоймай, мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде аудандарға барып мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, азаматтарға жеке қабылдау жүргізеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кеңес мүшелерімен 126 жеке қабылдаулар жүргізілсе, оның 13-і көшпелі қабылдаулар болды. Сондай-ақ, кеңес мүшелерімен 223 профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде 13 теледидарға сұхбат беру, әлеуметтік желілерге 177 және жергілікті газеттерге 33 мақалалар жарияланды.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Соның бірі мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын төлеу мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі мемлекеттік органдардың 115 мемлекеттік қызметшісінің құқықтары бұзылған. Бұл талдау нәтижелері Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, нәтижесімен олардың (115) бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғаудың тағы бір түрі -үстеме жұмыстарға тартуға жол бермеу. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 252 мемлекеттік қызметшінің тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы құқықтары қалпына келтірілді.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында қызметшілер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгілену мүмкіндігі қарастырылған. Осы режимді өңірде 31 мемлекеттік қызметші қолдануда. Жалпы, икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмыс атқаруына септігін тигізері сөзсіз.

2025 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент:

«Мемлекеттік қызметші ең алдымен халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуы тиіс. Адал азамат дегеніміз осы» деп атап көрсетті.

Қызметтік әдеп формалды ереже емес, ол халық алдындағы сенім мен әділдіктің өлшемі. Президентіміз атап өткендей, адалдық пен әділдік әрбір мемлекеттік қызметшінің басты қасиеті болуы тиіс. Ал осы қасиеттерді іс жүзінде нығайту мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, халық сенімін күшейтеді.

Гүлхан Сисенбина

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы