Асхат Аймағамбетов: жаңа Конституция әлеуметтік кепілдіктерді сақтап, заман талабына сай нормаларды бекітеді

Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілісте сөйлеген сөзінде Жаңа Конституция жобасын талқылау ел көлемінде кең жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жалпыұлттық коалиция 16 ақпаннан бері өңірлерді аралап, халықпен мыңдаған кездесу өткізген. Депутат жаңа редакциядағы Ата Заң әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарын сақтай отырып, қазіргі геосаяси және технологиялық өзгерістерге бейімделген құжат болуы тиіс екенін атап өтті., – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы бірнеше күн ішінде еліміздің тоғыз өңірін аралап, қоғамның түрлі топтарымен Жаңа Конституция жобасын талқылаған. Депутаттың өзі де бірқатар өңірлерге барып, халықпен тікелей кездесулер өткізгенін жеткізді.
Ол кейінгі жеті жыл ішінде Қазақстан ауқымды саяси өзгерістер кезеңін бастан өткергенін, бұл ретте Президент бастамасымен жүзеге асқан төрт саяси реформалар пакеті мен 2022 жылғы конституциялық реформаның маңызы ерекше болғанын айтты. Сонымен қатар, депутат қазіргі әлемдік геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы және қоғамдық сұраныстың жаңаруы елдің басты құжатын қайта қарауды өзекті етіп отырғанын атап өтті.
Аймағамбетов кездесулер барысында халықты алаңдатқан басты мәселелердің бірі білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы тегін қызмет көрсетуге қатысты болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қоғамда бұл құқықтар шектеледі деген жаңсақ пікірлер айтылғанымен, мұндай мәліметтер шындыққа жанаспайды.
«Ал шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған, және бола да береді. Бұл Жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған. Оның айқын көрінісі – мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатындығы. Сонымен қатар, Ата Заңның 1-бабы “Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп айқындайды. Жаңа Конституция жобасында, бұл қызметтер де ақы төлемей алатын қызмет деп анық жазылған, сәйкесінше денсаулық сақтау мен білім беру саласында азаматтардың мүмкіндіктері одан сайын кеңейеді деп айта аламыз. Бұл қызметтер ақысыз деп айтылғанымен, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады. Тағы қайталап айтайын, білім мен медицина азаматтарымыз үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді», – деді депутат.
Депутат қолданыстағы Конституциядағы «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау туралы ұсыныс та орынды екенін айтты. Оның пікірінше, бұл өзгеріс мемлекеттік гранттардың тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да білім алуға мүмкіндік беретін қазіргі тәжірибеге сай келеді. Осы арқылы азаматтардың білім алуға қатысты құқықтық мүмкіндіктері кеңейе түседі.
Сөз барысында депутат қоғамдық ортада жиі көтерілетін тағы бір тақырып – сөз бостандығына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы нақты бекітілген және сын айту құқығы мен адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара-жігі айқын ажыратылған. Бұл, оның сөзінше, халықаралық тәжірибеде кең таралған құқықтық ұстанымдарға сәйкес келеді.
Сондай-ақ депутат арнайы құқықтық режим енгізу мәселесі төңірегінде де түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нормаларды Конституция деңгейінде бекіту – елдің экономикалық егемендігін күшейтуге, ірі инвестициялық жобалар үшін тұрақты және ұзақмерзімді құқықтық кепілдік қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте мемлекеттің унитарлығы мен толық бақылауы сақталады.
Асхат Аймағамбетов өз сөзін қорытындылай келе, Жаңа Конституцияда заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қамтылғанын айтты. Сонымен бірге ол референдумға аз уақыт қалғанын еске салып, өңірлерде халықпен кездесіп жүрген әріптестерін қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандырған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға шақырды.