ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Жиынға жергілікті мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева жастарға референдумның маңызы мен мақсаты, стратегиялық басым бағыттары, жаңа Конституция жобасы туралы кеңінен айтты. Ал облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Бибігүл Биманова қыз балалардың қоғамдағы рөлі мен құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ неке және отбасы, сталкинг мәселелеріне тоқталды.
— Неке және отбасы мәселесіне тоқталатын болсам, қолданыстағы Конституциямыздың 27-бабында бұл бап үш тармақтан тұрады. Ал жаңа Конституция жобасында 30-бап төрт тармақтан тұрады. Бұл өзгерістер отбасы институтын нақтылай түсуге, оның құқықтық қорғалу тетіктерін күшейтуге бағытталған. Неке мәселесіне келсек, заңнамада неке ер мен әйелдің арасындағы заңды одақ ретінде айқын жазылған. Қазір әлемде түрлі пікір мен көзқарас бар екені белгілі. Дегенмен Қазақстан заңнамасына сәйкес неке тек ер мен әйелдің арасында заңды түрде қиылады. Сонымен қатар неке ер мен әйелдің тең құқықтылығына негізделеді және ол ерікті түрде жасалады. Яғни ешкімді некеге мәжбүрлеуге жол берілмейді. Бұл — Конституциямызда және отбасылық заңнамада бекітілген маңызды қағидат. Мемлекет басшысы бұған дейін сталкинг мәселесіне де ерекше тоқталған болатын. Сталкинг — қудалау, психологиялық қысым көрсету, адамның жеке өміріне заңсыз араласу әрекеттері. Бүгінде сталкинг қылмыс болып есептеледі. Мұндай нормалардың енгізілуі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін, — деді Бибігүл Биманова.
Жиын соңында студенттер сұрақтарын қойды, пікір алмасты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.