Тұрғындардан газды қауіпсіз пайдалану сұралады!

Газды қауіпсіз пайдаланбасаң, қатерге айналатыны рас. Сондықтан «QazaqGaz Aimaq» компаниясы тұтынушыларды газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе, үй ішіндегі газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ және мұқият болуға шақырады.

Бұр ретте түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Мысалы, бірнеше жылдың жүзі болды, барлық өңірлерде «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінен табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша азаматтардың ұялы телефондарына SMS-хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, өңірлердегі төтенше жағдай жөніндегі департаменттерінің мамандарымен бірлесіп жоспарлы түрде рейдтер ұйымдастырылуда. Аудан, қала аумағындағы әлеуметтік нысандар, жатақханаларда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, кәсіпкерлік нысандардағы ішкі газ жүйелері, газ белгі беру құрылғылары, мұржа тазалығы, автономдық пештерді тазарту, желдеткіш арналары, электр жабдықтарын қауіпсіз пайдаланудың алдын алуға мониторинг және үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, газ және өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылуда. Бұл істер жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, газ-техникалық инспекциямен және төтенше жағдай қызметімен бірлесіп атқарылуда. Тиісті іс-шаралар қауіпсіздік стандарттарының сақталуын жүйелі бақылау мен қадағалауға игі ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, тұрғындар өздеріндегі газ жабдықтарына кәсіби мердігер тараптардың қызмет көрсетуіне арналған техникалық шарт жасауды ұмытпау қажет.

Тұрмыстық газ қаншама қазақстандыққа жайлылық сыйлағанымен, салғырттық пен қателікті кешірмейді. Жасыратыны жоқ, жылу маусымы басталасымен иіс тию, жарылыс, улану сияқты оқиғалар жиілейді. Салдары – денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тіпті адам өліміне әкеліп жатыр.

Қателік себептері жоғарыда аталғандай — түтін мұржаларындағы тартудың жеткіліксіздігі немесе мүлде болмауы, техникалық қызмет көрсетудің дер кезінде жүргізілмеуі. Сондай-ақ кейбір тұтынушылар жылыту құралдарын өз бетінше қосып немесе орнын ауыстырып, қолдан жасалған күмәнді құрылғыларды пайдалануға тырысады.

Газдың иісі сезілсе немесе күдік туса, дереу 104 нөміріне хабарлау қажет.

АӨФ АҚ «QAZAQGAZ AIMAQ» Aлға газ шаруашылығы