Аудандық шаңғы жарысы өтті

Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Алға ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен спорт арқылы салауатты өмір салтын нығайту, аудандағы шаңғы спортын дамыту мақсатында «Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты аудандық шаңғы жарысы өтті.

Жарысқа Алға ауданы білім бөлімінің басшысы Дабылбек Құдайбергенов, Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналин, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Аудан көлемінде ұйымдастырылған аталмыш жарыстың қауіпсіздік шараларына аса үлкен мән беріліп, қатысушылардың өмір қауіпсіздігі басты назарда болды. Жарысқа 2009-2015 жыл аралығындағы оқушылар қатысып, 400м қашықтықта өз бақтарын сынады.  Шаңғы жарысына барлығы 95 оқушы қатысты. Олардың ішінде Алға қаласындағы 5 мектептің, Тамды орта мектебі және Талдысай негізгі мектебінің оқушылары бар.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есебімен №3 Алға қазақ орта мектебі І орынға, Алға мектеп-гимназиясы ІІ орынға, Талдысай негізгі мектебі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар 2009-2010, 2011-2012, 2013-2014, 2015 ж.т. және одан кіші қатысушылар (қыздар мен ұлдар) І,ІІ,ІІІ орындарға ие болды.

Жеңімпаздар «Алғыс хатпен», медаль және кубоктармен марапатталды.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ