Айқын бағыт, маңызды бетбұрыс

Өңірлік коалиция мүшелері Оқушылар сарайының еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады.
Жиынға Оқушылар сарайының 30-дан астам қызметкері қатысты.
Кездесу барысында өңірлік коалиция мүшелері Ерлан Тәтімов, Сайлау Қамиев, Бибігүл Биманова және Раиса Байлиева Конституциялық реформаның маңызы мен мазмұнына тоқталып, биылғы 15 наурызға белгіленген референдумға қатысуға шақырды.
Жиынды ашқан Ерлан Тәтімов жаңа Конституция жобасының мазмұны адамға бағытталғанын атап өтті.
— Негізгі құжатта адам капиталын дамытуға, білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше назар аударылған. Бұл — мемлекет болашағы минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға емес, ең алдымен адам капиталы мен азаматтардың жетістіктеріне байланысты екенін айқындайтын маңызды бетбұрыс, — деді Ерлан Тәтімов.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы да нақты көрсетілген. 32-бапқа сәйкес, Қазақстан азаматтары заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алуға құқылы.
Ал Сайлау Қамиев жиынға негізінен педагогтар қатысып отырғанын атап өтіп, жаңа Конституция жобасында ғылым, білім, мәдениет және адам капиталын дамытуға ерекше мән берілгенін айтты.
— Құжатта сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Сонымен қатар зияткерлік меншік заңмен қорғалады, — деді ол.
Кездесу барысында Раиса Байлиева Негізгі заң жобасының 30-бабына тоқталып, онда неке мен отбасы, ана мен әке, сондай-ақ балалық шақ мемлекет қорғауында болатыны көрсетілгенін айтты. Сондай-ақ неке заңға сәйкес мемлекет тіркейтін ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Спикердің пікірінше, бұл норма дәстүрлі құндылықтарды нығайтып, әйелдердің құқықтарын жоғары құқықтық деңгейде қорғауға бағытталған.
Ал Бибігүл Биманова өз сөзінде жаңа Конституция жобасында азаматтардың табиғатты сақтап, табиғи байлықтарға ұқыпты қарауы міндет екені атап көрсетілгенін айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.