Заң мен тәртіп – тұрақтылық кепілі

Ақтөбе қаласында өңірлік коалиция мүшелері «Азаматтық авиацияның №406 авиажөндеу зауыты» акционерлік қоғамының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара кәсіпорынның өндірістік алаңында ұйымдастырылды.
1939 жылы негізі қаланған зауыт ұшақтар мен тікұшақтарды жөндеу және құрастыру жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға Қазақстанның түрлі өңірлерінен тапсырыс түседі. Мұндай қызмет жоғары жауапкершілікті, күрделі техникалық жабдықтармен жұмыс істеуді және халықаралық сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпорынның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан заң үстемдігі, еңбексүйгіштік, білім мен прогресс құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттарының маңызы зор.
Кездесу барысында өңірлік коалиция мүшелері Абай Сақтағанов пен Сергей Вищняк жаңа Конституция жобасы азаматтардың еңбек ету құқығын қамтамасыз етумен қатар, әділ еңбекақы төлеу мәселесіне де ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен бірге мемлекет азаматтарға қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру және әлеуметтік қорғау шараларын қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алатыны айтылды.
Өз сөзінде Сергей Вишняк жаңа Конституция жобасы елдің дамуына тың серпін беретін маңызды құжат екенін атап өтті.
-Құжатта еңбек адамының құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту секілді бағыттарға ерекше көңіл бөлінген. Бұл, әсіресе, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен өндіріс мамандары үшін маңызды. Себебі білікті инженер кадрларды даярлау мен жаңа технологияларды енгізу отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді ол.
Кездесу барысында 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның мәні мен маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар Конституцияға енгізілетін жаңашыл бастамалар, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және елдің тұрақты дамуына бағытталған нормалар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.


