Коалиция мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесті
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аудандық коалициясының мүшелері Бестамақ ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауыл тұрғындарымен мазмұнды кездесулер өткізді. Іс-сапар барысында Бестамақ және Бесқоспа ауылдары қамтылып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңызы кеңінен түсіндірілді.
Кездесулерге аймақтық коалиция жетекшісі, Алға аудандық мәслихатының төрағасы Марат Тулеуов, коалиция мүшелері – Алға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бекжан Аппазов, «Amanat» партиясының Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова және Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакторы Мадина Тажибекова қатысты.
Алдымен коалиция мүшелері Бестамақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиынға жүзге жуық ауыл тұрғыны қатысып, жаңа Конституция жобасына қатысты өз ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Кездесуде Конституциядағы өзгерістердің ел дамуына, халықтың әл-ауқатына және құқықтарының қорғалуына әсері жан-жақты талқыланды.
Жаңа Конституция жобасында адам капиталын, білім беру ісін, ғылым мен инновацияларды дамыту мәселесі негізгі стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалды. Осылайша жаңа Конституция мемлекет дамуына тың серпін береді. Жаңа Конституцияның мәні мен маңызы – оның еліміздегі барша азаматтың, барлық әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерінің мүддесі мен сұранысын қамтуында.
Іс-шара одан әрі Бестамақ орта мектебінің ұжымымен жалғасты. Білім саласының өкілдеріне жаңа Конституция жобасында қарастырылған қоғамдық және мемлекеттік басқару тетіктеріне, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігіне қатысты нормалар жөнінде түсінік берілді.
Келесі кездесу Бесқоспа орта мектебінің ұжымымен өтті. Мұнда да жаңа Конституция жобасының негізгі жаңашылдықтары түсіндіріліп, оның ел болашағы үшін маңыздылығы айтылды.
Кездесулер барысында жаңа Конституция жобасындағы меншік пен табиғи ресурстарға қатысты нормалар, Ата заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейту және тәуелсіз адвокаттардың рөлін арттыруға ерекше мән берілгендігін көрсетті.
Әсіресе табиғи байлықтардың халыққа тиесілі екендігін айқындайтын баптар ауыл тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Атап айтқанда, жаңа Конституция жобасының 8-бабының 3-тармағында жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты көрсетілген. Бұл норма табиғи байлықтардың ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ететін маңызды қағида ретінде қарастырылуда.
Коалиция жетекшісі Марат Тулеуов өз сөзінде осы норманың маңызын кеңінен түсіндірді.
- Жер – бұл жай ғана экономикалық ресурс емес, ол – ұлттың ортақ байлығы. Жаңа Конституцияда табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені нақты көрсетілген. Бұл – стратегиялық маңызы зор норма. Ол жер мен ұлттық байлықтың ел мүддесіне қызмет етуін конституциялық деңгейде айқындайды. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін бұл – жер қатынастарының құқықтық негізі әділетті әрі айқын болуына кепілдік, — деді ол.
Ата заң жобасындағы өзгерістерді кеңінен түсіндіріп өткен республикалық коалиция мүшелері құжат кең көлемде қоғамдық талқылаудан өткенін, алайда түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатындығын атап өтті.
Ашық диалог форматында өткен жиындарда халықтың ел тағдырына бейжай қарамайтыны, мемлекет болашағына қатысты маңызды шешімдерге белсенді қатысуға дайын екені байқалды.
Жалпы, Бестамақ ауылдық округіндегі кездесулер жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа түсіндірумен қатар, тұрғындардың пікірін тыңдауға мүмкіндік берген мазмұнды алаңға айналды. Халық пен билік арасындағы осындай ашық диалог қоғамдағы сенімді нығайтып, ел дамуының жаңа кезеңіне берік негіз қалары сөзсіз.
Мадина ТАЖИБЕКОВА