ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК

Өңірлік коалиция мүшелері Гүлмайрам Габдушева, Азамат Егізбаев, Бибігүл Халел «RBK» банкі филиалының еңбек ұжымымен кездесті.

Басқосуда коалиция мүшелері Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістер туралы айтып, банк қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Заңгер Азамат Егізбаев Ата Заңның жаңа редакциясындағы цифрландыру мәселесіне тоқталды.
— Бүгінде еліміз дамудың жаңа жолына түсті деп ойлаймын. Цифрлық технологиялар дамып, жасанды интеллектінің рөлі артып келеді. Осы жаңашылдық Ата Заңның жаңа жобасына тұңғыш рет енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтерді цифрлық платформаға көшіру ісін одан әрі жетілдіре түседі. Мысалы, бұрын адамдар несие алу үшін банкке барып, түрлі құжаттарды жинайтын болса, қазір оны тіпті телефон арқылы жасауға болады. Бұл халыққа ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар алаяқтықты азайтып, барлық процесті қауіпсіз етеді.
Ең маңыздысы, бұл өзгерістер Ата Заң деңгейінде бекітілген, яғни цифрлық трансформация енді заңмен қорғалады, — деді ол.
Сонымен бірге коалиция мүшелері Ата Заңның жаңа жобасындағы адам және оның өмірі, ата-ана мен бала қауіпсіздігі, отбасы және неке құндылықтары мәселелеріне де тоқталды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер, вице-президент лауазымының енгізілуі, қос парламенттік жүйеден бір парламанеттік жүйеге ауысу секілді өзгерістер жөнінде де айтылды. Банк қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берген жұмыс тобы мүшелері оларды 15 наурызда болатын референдумға белсенді қатысуға шақырды.

М.ТАБЫН.