Мейірімге толы жүрек иесі

 Адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық жасауға, өзгеге қуаныш сыйлауға асығу. Өзгені қуанту, соның ішінде мұқтаж жанға мейірімділік танытып, көмек беру әрбір адамның парызы деп білеміз. Біздің қаламызда айналасына шуақ шашып, жақсылық жасаудан аянып қалмайтын бір ерекше жан бар. Газетіміздің бүгінгі мерекелік санында қоғам қайраткері, кәсіпкер, ұстаз, Ақтөбе облысының филиалы Алға қаласының мүгедектер қоғамының төрайымы, «Бопай ханша», «Еңбегі еленген», «Егемен ел портреті» төсбелгілерінің, «Қоғам қайраткері» медалінің, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» орденінің иегері Минбаева Рыскүл Реймбергенқызының қайырымдылық игі істері туралы оқырман назарына ұсынбақпыз.

Рыскүл Реймбергенқызы – қайырымдылық пен парасаттылықтың символы. Себебі, ол өзінің мүмкіндігі шектеулі жан екендігіне қарамай үнемі игі істердің қасынан табылады. Жыл сайын дәстүр бойынша Рыскүл Реймбергенқызының бастамасымен Жаңа жыл мерекесінде 45 балаға дейін сыйлықтар таратылады. Соңғы екі жыл ішінде Қарабұлақ, Тоқмансай, Тамды, Ақай, Бестамақ, Қарағаш, Нұрбұлақ ауылдарын аралап, көңіл-күй сыйлайтын көңілді аниматорлармен қаншама жанды қуантып, шаттықа бөлеп жүр. Балалардан бөлек қарттарымызды да ұмытпай, көңіл бөліп жүреді. Мереке сайын сыйлықтар табыстап, көңілдеріне медеу болады.

Рыскүл Реймбергенқызымен тілдескенімізде: «Ізгілікке ұмтылу, қайырымдылық жасауға асығып тұру – менің өмірлік ұстанымым. Себебі, адам жақсылық жасаған сайын, оның жүзі нұрлана түседі, жүрегі мейірімге толады. Айналаңа өмірлік азық болатындай үлгі боласың. Адамның көңілі өте нәзік келеді. Ауыр сөз айтсаң жүрекке ауыр тиіп жатады. Сондықтан да, адам баласы осы қамшының сабындай қысқа ғана өмірде тарылмай, кең болуы керек деп ойлаймын. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп дана халқымыз айтқандай, жақсылық, қайырымдылық жасасаң, жан-жағыңа шуағыңды шашасың, Тәңірден өзіңе тиесілі жемісіңді де аласың. Біз ешқашан жақсылық жасаудан аянып қалған емеспіз. Қолымыздан келгенше қайырымды істерге жанымыз жақын боп тұрады. Балалардың қуанғаны мен үшін өте маңызды» — деп қайырымдылықтың оның өмірінде маңызды орын алатындығын жеткізген болатын.

Өмірдің қиындығын көрген қарияларға, мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілдеріне демеу болып жүру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Жанашыр жанның еңбегін бағалап, құрмет көрсететін басшылар да аз емес. Солардың бірі Қарақұдық ауылдық округінің әкімі Барзаков Жанболат Мейірболатұлы лебізін білдірді: « — Жаңа 2026 жыл қарсаңында Қарақұдыққа және ауылымызға қарасты Тікқайың, Көктоғай  елдімекендеріне Рыскүл Реймбергенқызы келіп, үй-үйді аралап 15 балаға жаңа жылдық сыйлықтарын ұсынды. Сонымен қатар балалардың көңілін ерекше аулайтын аниматорларын да ала келіп, ұмытылмас әсер қалдырған болатын. Рыскүл ханым, қашан көрсек те осындай жақсылыққа, мейірімділікке толы істердің басы қасынан табылады. Оның әрбір атқарып жүрген елге пайдалы игі істері айналасына қашан да үлгі. Рыскүл Реймбергенқызына деніне саулық, отбасына амандық, жақсылықтар тілеймін».

         Жыл сайын балалардың ең сүйікті мерекелерінің бірі Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар сыйлап, мерекелік дастархан да жайып, биыл міне, қасиетті Рамазан айында Алға қаласындағы ерекше балаларды және «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығындағы балаларды қуанту үшін аниматорлардың костюмдерін тегін беруде. Одан бөлек Рыскүл Реймбергенқызы медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегін бағалап,  аудан орталығындағы аудандық ауруханаға демеушілік жасап, мерекелерде арнайы құттықтап та жүр. Жүрегі мейірімге толы жанның отбасы да осындай игі істердің қасынан табылады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жыл сайын балаларға сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл-күй сыйлап, қасиетті айда жағдайы төмен, көмекке мұқтаж отбасыларға да көмектесуде.

P.S.: Өзгелерге қуаныш сыйлауды өмірлік ұстанымы етіп алған Рыскүл Реймбергенқызының қоғамда атқарып жүрген игі істері көпке үлгі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адам әрқашан үлкен құрметке ие екені рас. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей жанымызда осындай жүрегі кең жандар көбей берсін дегіміз келеді.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ