ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясының акт залында өңірлік коалиция мүшелері — «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстың құрметті азаматы, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Естай Жайлыбай, «Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Мұхтарита Сағындықова және қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Дәурен Тауасаров жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында Раукен Отыншин жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, оның қоғам өміріндегі маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Сол баптардың дені адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты жазылған.
— Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде жаңа Конституцияны халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрқайсысымыздың мемлекет алдында өз жауапкершілігіміз бар. Жаңа Конституцияда «мемлекет адамдар үшін» деген қағидат айқын көрініс тапқан. Ата Заңда адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорғау басты құндылықтардың бірі ретінде айқын көрсетілген, — деп өзінің еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастағанын, ұстаздар қауымына әрдайым жақын екенін жеткізді.
Ол өз сөзінде қоғамда кейде кездесетін жала жабу, адамның абыройына нұқсан келтіру сияқты келеңсіз жағдайлар жаңа Конституция қабылданған жағдайда заң тұрғысынан нақты реттеліп, мұндай әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ жаңа Ата Заңға енгізілген неке мен отбасы институтының маңызы, қоғамдағы рухани құндылықтарды сақтау мәселесіне де кеңінен тоқталды.
Ал Естай Жайлыбай жаңа Конституция жобасында қоғамда жиі көтерілетін мәселелер мен халықтың пікірлері ескерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, билік пен халық арасындағы ашық пікірталастар мен ұсыныстар жаңа құжатта көрініс тауып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірқатары конституциялық деңгейде бекітілген. Осылайша ол жаңа Конституция елдің тарихи негізін, ұлттық құндылықтарын және қоғамның сұранысын ескере отырып әзірленген маңызды құжат екенін атап өтті.
Сөз соңында Естай Жайлыбай жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация мәселелеріне айрықша мән берілгенін атап өтті. Спикердің пікірінше, заманауи мемлекет бәсекеге қабілетті болу үшін ең алдымен білімді ұрпақ тәрбиелеуге, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық дамуға сүйенуі қажет.
— Болашақта қоғамның білімге деген сұранысы бұрынғыдан да күшейе түседі. Сондықтан Конституцияға білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесінің енгізілуі — елдің ертеңіне жасалған маңызды қадам, — деді ол.
Кездесу барысында сөз алған Дәурен Тауасаров жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, жиналғандарды алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырса, Мұхтарита Сағындықова еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау бағытында заңнамалық нормалардың маңызы зор екенін жеткізді. Ол Еңбек кодексінің негізгі талаптарына тоқталып, жаңа Конституция қабылданған жағдайда еңбек саласындағы құқықтық тетіктердің одан әрі жетілдірілуіне мүмкіндік туатынын айтты. Бұл, ең алдымен, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктер алуына, еңбек құқықтарының қорғалуына және жұмыс жағдайының әділ реттелуіне жол ашатынын атап өтті.
Бүгінде Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясында 1200-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Білім ордасында оқу үдерісі екі ауысымда ұйымдастырылған, ал оқушыларға 110 мұғалім дәріс береді. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Берік Сатмағанбетовтің айтуынша, бұл білім ордасы 2014 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға берілген. Кейін оқу орнының білім сапасы мен жетістіктері ескеріліп, 2019 жылы мектепке гимназия мәртебесі берілгенін айта келіп, мектеп ұжымы ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шаралардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Арайлым НҰРБАЕВА.