Қауіпті дертке қарсы сақтық қажет
Адам өмірі мен денсаулығы – қоғамның ең қымбат құндылығы. Сол себепті жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың қауіптілігі туралы халыққа кеңінен түсіндіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осындай ерекше сақтықты талап ететін дерттің бірі – құтырма. Көп жағдайда жануар тістеуі сияқты қарапайым жағдайдан басталатын бұл ауру дер кезінде шара қолданылмаса, орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан құтырманың қалай таралатынын, алғашқы белгілерін және одан сақтану жолдарын білу – әрбір адам үшін аса маңызды.
Құтырма – адам мен жануарларға ортақ, жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл дерт көбіне ауру жануардың тістеуі немесе сілекейінің жарақаттанған теріге түсуі арқылы жұғады. Құтырма ауруы пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, ол көбінесе өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл аурудың алдын алу – әрбір адам үшін маңызды.
Құтырманың негізгі қоздырғышы – вирус. Ол көбіне ит, мысық, түлкі, қасқыр сияқты жануарлар арқылы таралады. Әсіресе қаңғыбас иттер мен жабайы жануарлар құтырма инфекциясының негізгі көзі болып саналады. Ауру жануарлар әдетте ашушаң, мазасыз болып келеді, кейде керісінше тым жуас болуы мүмкін. Олар себепсіз шабуыл жасап, адамдарды немесе басқа жануарларды тістеуі мүмкін.
Адамға құтырма вирусы көбінесе тістеу арқылы жұғады. Сонымен қатар сілекейдің ашық жараға немесе көз, мұрын, ауыздың шырышты қабатына түсуі де қауіпті. Аурудың жасырын кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Алғашқы белгілері:
- дене қызуының көтерілуі;
- әлсіздік;
- бас ауруы;
- тістелген жердің ауырсынуы мен ашуы;
Кейіннен пайда болатын ауыр белгілер:
- судан қорқу;
- жұтынудың қиындауы;
- жүйке жүйесінің бұзылуы.
- Егер адамды ит, мысық немесе басқа жануар тістеп алса, ең алдымен жарақатты сабынды сумен мұқият жуу қажет. Содан кейін дереу медициналық мекемеге барып, дәрігердің қарауынан өту керек. Дәрігерлер құтырмаға қарсы вакцина егіп, қажетті ем шараларын жүргізеді. Уақытылы егілген вакцина адамды қауіпті аурудан сақтайды.
Құтырманың алдын алудың негізгі жолдарының бірі – үй жануарларын міндетті түрде уақтылы вакцинациялау. Сонымен қатар қаңғыбас жануарларға жақындамау, балаларға жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас ережелерін үйрету маңызды. Егер жануардың мінез-құлқында өзгерістер байқалса, оны дереу ветеринар мамандарға көрсету қажет.
Қорыта айтқанда, құтырма – адам өміріне төнетін қатердің айқын мысалы. Дегенмен, ол алдын алуға болатын аурулардың қатарында. Уақтылы вакцинация, жануарлармен қарым-қатынаста сақтық таныту және медициналық көмекке дер кезінде жүгіну – қауіпті дерттің алдын алудың сенімді жолы. Қоғам болып сергек әрі жауапты болған жағдайда ғана мұндай қауіптің жолын кесуге болады.
Денсаулыққа немқұрайды қарамай, қауіптің алдын алу – әрбір азаматтың өмір алдындағы жауапкершілігі. Сақтық шараларын сақтай білсек, саулық та баянды болмақ.
С.Набиев,
Алға аудандық ауруханасының хирург дәрігері