Наурызнаманың бастауы – Амал мерекесі

 Наурызнаманың бастауы болып саналатын Амал мерекесі ауданымызда кең көлемде тойланды. Ауданымыздың орталығы Алға қаласының басты көшелерінің сәнін 20 топтан құралған «Наурыз керуені» келтірді.

Биыл үшінші жыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша форматта тойланып келеді. Наурызнаманың он күндік кестесі бойынша жыл сайын Ұлыстың Ұлы күні 14-23 наурыз күндері кең көлемде аталып келеді. Ертеде Наурызды 7-8 күн бойы тойлайтын болған. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл жайында қазақ зиялыларының еңбектерінде жазылған. Мысалы, Махмуд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің шығармаларында кездеседі. Амал мерекесін халық жыл сайын сағынышпен, ерекше ықыласпен күтетіні рас. Себебі, бұл мейрамда халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерлері дәріптеледі. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін аталмыш мерекесі жанға тек жылулық сыйлайтыны рас.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, этнограф, ойшыл, фольклортанушы, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурыз тілегі» өлеңінде наурыз мерекесі туралы шебер суреттелген:

Біреуім екеу болып, мал қосылды,

Қорама жүз-жүз лақ, қозы толды.

Ызғарлы, қыс-зымыстан,суық кетіп,

Аспаннан күн күлімдеп, шырай қонды.

Ұзамай қар да кетер, жаз да болар,

Сай-сала күрілдесіп, суға толар!

Бөленіп жер жеміске, мың құлпырып,

Шалғынға көкорайлы ауыл қонар.

Жаз иісі бүгін келді, жан жайланды,

Кешегі көрген бейнет артта қалды.

Өмірге жаңа жолдар ашатұғын,

Жаңа жыл- бүгінгі күн — жаздың алды.

Береке күннен — күнге таса берсін,

Кедейдің үстемдігі аса берсін!

Құдайдың не бергені қайырлы боп,

Ел өрлеп ілгері аяқ баса берсін!

«Наурыз керуенінің» алғашқы тобын Алға аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Алға өнер мектебінің қызметкерлері бастап, қалған топтарды ақ сақалды аталар, ақ жаулықты әжелер керуені, жастар керуені, аудан әкімдігі, қала әкімдігі, жұмысшы мамандар керуені, ақ халатты абзал жандар керуені,  «Еркетай», «Айгөлек», «Балбөбек», «Гүлдер», «Балдырған» балабақшаларының ұжымы, №1, №2, №3, №4 мектептерінің және Алға мектеп-гимназиясының ұжымы, Алға индустриялды-техникалық колледжі, Халыққа қызмет көрсету, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және «Мансап» орталығы ұжымдары көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен әсем әндерін шырқап, айналаны қуанышқа бөлеп жалғастырды.

Көрісу күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин құттықтау сөз сөйлеп, барша қала тұрғындары мен қонақтарына лебізін білдірді:

  • Құрметті жерлестер! Бірліктің, мейірім мен татулықтың символы болып саналатын Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ағайынның бір-бірімен арқа-жарқа қауышатын, аман-саулық сұрасатын, елдің елдігі мен бірлігін танытатын тағылымды мейрам. Әр отбасы шаттық пен мол табысқа кенелсін! – деді.

Жаймашуақ, күн сәулесі шуағын шашқан ауа-райында қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық салт-дәстүрлеріміз, құндылықтарымыз насихатталған әдемі көріністердің куәсі болды. Қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, мейірімділік пен ізеттіліктің жолын көрсете білді. Киіз үйлер тігіліп, бауырсақ пен Наурыз көже дайындалып, таратылды. Сонымен қатар, халқымыздың әдет-ғұрыптарын ұлықтау мақсатында көрме жасақталып, онда түрлі қолөнер бұйымдары қойылып, тары түю, тас диірмен тарту жолдары көрсетіліп, ұлттық аспаптар тартылды. Тіпті, мерекеге келген тұрғындар да қызығушылық танытып аспаптарда ойнап көріп те жатты. Көпшіліктің назарын аударған ауқымды шара мерекелік концертке ұласты.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ