Аурудың алдын алу – екпеден басталады
Қоғам денсаулығын сақтау – әрбір азамат пен медицина қызметкерлерінің ортақ міндеті. Соңғы жылдары жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында вакцинацияның маңызы артып келеді. Солардың ішінде жиі кездесетін аурулардың бірі – Желшешек.
Желшешек – жоғары жұқпалы вирустық ауру. Ол көбінесе балалар арасында таралады, алайда ересектерде де кездеседі және бұл жағдайда ауру әлдеқайда ауыр өтуі мүмкін. Аурудың қоздырғышы – Varicella-zoster вирусы, ол ауа-тамшы жолымен, яғни жөтелу, түшкіру немесе науқаспен тығыз байланыс кезінде оңай таралады.
Аурудың белгілері мен ерекшеліктері
Желшешек әдетте келесі белгілермен басталады:
- дене қызуының көтерілуі;
- әлсіздік, тәбеттің төмендеуі;
- бас ауруы;
- теріде қышитын көпіршікті бөртпелердің пайда болуы.
Алғашқы бөртпелер бетте, іште немесе арқада пайда болып, кейін бүкіл денеге таралады. Бөртпелер сұйықтыққа толы көпіршікке айналып, кейін кеуіп, қабыршақтанады.
Көпшілік бұл ауруды «жеңіл өтетін» деп қабылдайды. Алайда кей жағдайларда асқынулар орын алуы мүмкін:
- өкпенің қабынуы (пневмония);
- терінің іріңді инфекциялары;
- жүйке жүйесінің зақымдануы;
- иммунитеті әлсіз адамдарда ауыр ағым.
Әсіресе жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар және ересектер үшін желшешек қауіпті болуы мүмкін.
Вакцинация – сенімді қорғаныс
Қазіргі таңда Желшешекке қарсы вакцина – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы болып саналады. Вакцина ағзада арнайы иммунитет қалыптастырып, вирустың әсеріне қарсы тұруға көмектеседі.
Екпе алған адам:
- желшешекпен мүлде ауырмауы мүмкін;
- ауырған жағдайда жеңіл түрде өткізеді;
- асқынулар қаупі айтарлықтай төмендейді.
Көптеген елдерде бұл вакцина ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және балаларға жоспарлы түрде салынады.
Кімдерге екпе алу маңызды?
Желшешекке қарсы вакцина төмендегі топтарға ұсынылады:
- балабақша және мектеп жасындағы балалар;
- бұрын желшешекпен ауырмаған ересектер;
- медицина қызметкерлері;
- бала күтімімен айналысатын адамдар;
- иммунитеті әлсіреген жандар (дәрігер кеңесімен).
Бұл топтар инфекцияны тез жұқтыруы мүмкін болғандықтан, алдын алу шаралары өте маңызды.
Екпенің қауіпсіздігі туралы
Кейбір ата-аналар екпе алуға күмәнмен қарайды. Дегенмен, желшешекке қарсы вакцина көптеген халықаралық зерттеулерден өткен, қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген.
Екпеден кейін сирек жағдайда:
- екпе орнында қызару;
- дене қызуының сәл көтерілуі;
- әлсіздік.
Жоғарыда көрсетілген жеңіл реакциялар болуы қалыпты жағдай және қысқа уақыт ішінде өздігінен өтеді.
Ұжымдық иммунитеттің маңызы
Вакцинация тек жеке адамды ғана емес, бүкіл қоғамды қорғайды. Халықтың басым бөлігі екпе алған жағдайда, вирустың таралуы айтарлықтай азаяды. Бұл – әсіресе екпе ала алмайтын адамдар үшін (мысалы, кейбір медициналық қарсы көрсетілімдері бар жандар) өте маңызды.
Аурудың алдын алу – әрқашан емдеуден тиімді екенін естен шығармайық. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, вакцинациядан бас тартпаңыз.
«Денсаулық – басты байлық!» екенін ұмытпайық. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.
Д.Нұржанова,
Алға аудандық ауруханасының
жалпы тәжірбиелік дәрігері