Наурызнама – 2026

 Жерлес жыраудың жеңісі

Ақтөбе төрінде ұлт рухын асқақтатқан, дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған тағылымды оқиға өтті. Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған «Жыраулар жолымен…» атты 24 сағаттық жыр марафоны әлемдік рекордтар кітабына еніп, қазақтың жыраулық өнерін жаһандық деңгейде паш етті. Бұл – тек мәдени шара ғана емес, ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұраның қайта жаңғыруының айқын көрінісі.

Бір тәулік бойы толассыз төгілген жыр – елдік пен ерліктің, тарих пен тағдырдың шежіресіне айналды. Жыршылар батырлық эпостарды, термелер мен халық композиторларының шығармаларын үздіксіз орындап, тыңдарманды рухани тереңдікке жетеледі. «Өнер – халықтың жаны, жыр – оның мәңгілік үні» десек, осы марафон сол үннің ешқашан өшпейтінін дәлелдегендей.

Шара барысында 36 дастан мен 31 мыңнан астам әдеби жолдан тұратын «Қырымның қырық батыры» эпикалық циклі 24 сағат бойы жатқа оқылып, әлемдік рекорд ретінде тіркелді. Бұл ауқымды еңбекті «Ер Едіге» жыраулар мектебі дайындап, ұсынды. Нәтижесінде, 2026 жылдың 16-17 наурызында Ақтөбе қаласында өткен жыр марафоны Азия және Африка елдеріне арналған әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде еніп, марафонға қатысқан жырауларға берілген сертификатқа Азия және Африка жазбалары бөлімінің бас офицері Қуандық Құдайбергенов қол қойған.

Айта кетерлігі, тағылымы терең, тарихи маңызы зор бұл шара облыстық халық шығармашылығы орталығында өтті. Жыр басталған сәттен бастап, соңына дейін көрермен қарасы бір сәт сиремей, зал лық толы болды. Бұл – халықтың төл өнерге деген ықыласы мен құрметінің айқын көрінісі.

«Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді дана халқымыз. Ал жыр арқылы жеті атасын түгендеп, тарихын таныған ұрпақтың еңсесі биік болары анық. Осы ретте жыраулық дәстүрді жаңғыртып жүрген жас өнерпаздардың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Осы тарихи сәттің бел ортасында жүрген жас жыраулардың бірі – жерлесіміз, Алға қаласының тұрғыны Ақжарқын Сапарбайқызы Еркінбаева.

Жыр марафонында жеткен жетістігі үшін Ақжарқын Сапарбайқызы Еркінбаеваға арнайы сертификат табысталды. Құжатта оның әлемдік рекордшы ретінде ерекше мәдени және интеллектуалдық қабілеттері айрықша атап көрсетілген.

Ақжарқынның жырға деген сүйіспеншілігі ең алғаш жергілікті «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубындағы «Көңілді әуен» домбыра үйірмесінде қалыптасып, өнер мектебінде жалғасын тапты. Дәл осы ортада үйірме жетекшісі Қанат Үсенбековтің тәлім-тәрбиесін көріп, жыр мен дәстүрге деген ықыласы арта түсті. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, шәкірт бойындағы өнер ұшқынын лаулатқан да – білікті ұстаздың еңбегі.

Бүгінде Ақжарқын Ақтөбе музыкалық колледжінің «Дәстүрлі ән салу» бөлімінде білімін шыңдап, «Ер Едіге» жыраулар мектебінде жыраулық өнердің қыр-сырын терең меңгеріп келеді. Бұл – ізденіс пен ілгерілеудің, өнерге деген адалдықтың айқын көрінісі.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаров «Ер Едіге» жыр мектебінің 5 жылдық мерейтойына орай Ақжарқын Сапарбайқызы Еркінбаеваға арнайы «Алғыс хат» жолдап, жыраулық өнерді дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Өнерліге өріс кең» демекші, Ақжарқын Сапарбайқызы сынды жас жыраулардың талпынысы – ұлттық өнердің болашағына деген сенімді нығайтады. Ол – бабалар аманатын арқалап, жыр керуенін келер ұрпаққа жеткізуші алтын көпір іспетті.

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Демек, жыр арқылы ұрпақтың рухы жаңғырып, ұлттық сана биіктей түседі. Ал өңіріміздің бас қаласы Ақтөбеде өткен бұл тарихи марафон – соның айқын дәлелі.

Мадина ТАЖИБЕКОВА