Үлкенге құрмет  — ізеттілік белгісі

Көрісу күні қарсаңында Наурызнама тұжырымдамасы аясында №2 Маржанбұлақ орта мектебінің директоры Рита Жасанқызы мен директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгүл Асқарқызы ауылдың ардагер ұстазы Қашқынбаева Жұмағыз Ізбасқызының шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Ардагер ұстаздарға құрмет – ұрпақтар сабақтастығы мен білім жүйесіндегі адал еңбекті дәріптеудің нышаны. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздар қашан да ерекше құрметке әбден лайықты. Соның ішінде Маржанбұлақ ауылы әжелер кеңесінің төрағасы, ауыл ішінде өте сыйлы, ұзақ жылдар бойы талмай шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз, абзал ана, жүрегі мейірімге толы әже Жұмағыз Ізбасқызының өмір жолы көпке үлгі. Бүгінде Жұмағыз апай бірнеше жыл бұрын зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмай, үнемі белсенді түрде атсалысып жүреді.

Абырой биігінен көріне білген ұлағатты ардагер ұстазға мектеп ұжымы атынан жылы лебіздер мен ақ тілектер жеткізілді. Ардагер ұстаздың еңбегі мен өмір жолы жас ұрпақ үшін үлкен өнеге екені атап өтілді. Кездесу барысында мерекелік көңіл-күй орнап, ардагер ұстаз ақ батасын берді. Ұстаздық жолдың қиындығы мен қадірі туралы айтылған тағылымды әңгімелер ерекше әсер қалдырды.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ