Алғадағы әз-Наурыз — дәстүр мен думан тоғысқан мереке
Береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын қарсы алу Алға ауданында биыл да ерекше мазмұнмен бастау алды. 21 наурыз күні Лиман ауданында №1 Алға орта мектебінің ауласында өткен мерекелік шара елдік рух пен ұлттық дәстүрдің айшықты көрінісіне айналды. Көктемнің шуақты лебі сезілген бұл күні лимандықтар мен қала қонақтары бір алаңға жиналып, жаңару мен жасампаздықтың мәнін бірге ұғынды.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин қатысып, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді. Ақ дастархан жайылып, наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм ұсынылған сәтте жұртшылықтың көңілі көтеріліп, мерекенің шынайы сәні кірді. Бұл – тек дәм тату емес, бұл – ықылас пен берекенің, кең пейілдің белгісі болатын.
Мектеп ұжымы келген қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алып, мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сахна төрінде қойылған көріністер ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Әуелеген ән мен мың бұралған би мерекенің көркін аша түсті. Қазақ биі ұлттық нақыштың нәзік өрнегін паш етсе, «Әз-Наурыз», «Ауылым», «Қазақ осы», «Менің қазағым» сынды әндер көрермен көңілін тербеп, жүректерге жылылық ұялатты. Жас өнерпаздардың өнері мен әжелер ансамблінің сахнадағы бейнесі – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.
Мерекенің шырайын келтірген ұлттық ойындар да көпшілік назарынан тыс қалмады. Гір көтеру, қол күрес, ләңгі тебу, арқан тартыс сынды сайыстарда ауыл жастары өз күшін, ептілігін сынап, қазақы рухтың қайнарын тағы бір дәлелдеді. Бұл ойындар – тек бәсеке емес, ұлт болмысының ажырамас бөлігі, тәрбиенің тағылымды мектебі екенін тағы бір мәрте айқындады.
Жалпы, Лиман ауданындағы бұл мерекелік шара – Наурыздың мәнін терең ұғындырған, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған тағылымды басқосу болды. Бірлік пен татулықты ту еткен халықтың қуанышы мен шаттығы осы күні айрықша сезілді.
Байтұрсынов бойындағы береке
22 наурыз күні Алға қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау кең ауқымда жалғасын тауып, халықтық сипаттағы шынайы думанға ұласты. Қаланың қақ ортасындағы Байтұрсынов көшесі бұл күні ерекше кейіпке еніп, көлік қозғалысы уақытша шектеліп, тұтас бір мерекелік алаңға айналды.
Көше бойына қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер ұлттық нақышпен безендіріліп, әрқайсысы өз алдына бір-бір мәдени ошаққа айналды. Іші-сырты көрмеге толы бұл үйлерден қазақы тұрмыс пен салт-дәстүрдің иісі аңқып тұрды. Тігілген киіз үйлердің алдында қонақтарды кимешек киген әжелеріміз шашу шашып қарсы алды. Наурыз батасы, қара жорға биі, тіпті, ауа райының өзі де күн шуағын шашып, адамдардың көңілін көтеріп тұрды. 
Мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің ұжымдары да көше бойында сап түзеп, келген жұртшылыққа Наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынып, ақжарма тілектерін жаудырды.
Таңғы сағат оннан бастап-ақ Байтұрсынов көшесінің бойы адамға лық толды. Жиналған жұрт мерекелік концерт басталғанға дейін көше бойымен еркін серуендеп, әр ұжымнан ұсынылған дәмнен ауыз тиіп, алғысын білдіріп жатты. Бірінің қолында – буы бұрқыраған көже, енді бірінің жүзінде – шаттық пен ризашылық. Бұл көрініс Наурыздың шынайы болмысын – бірлік пен берекені айқын аңғартты.
Осы мерекелік думанның мазмұнын айрықша байытқан тағы бір тағылымды сәт – Алға аудандық белсенді өмір сүру орталығы ұжымы мен ата-әжелерінің Наурыз мейрамына тыңғылықты дайындықпен қатысуы болды. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген аға буын өкілдері мерекеге ерекше ықылас танытып, ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.
Аға буын өкілдері ақ баталарын арнап, елге амандық, жерге тыныштық, халыққа молшылық пен береке тіледі. Олардың ақ тілегі – көпшілік көңіліне үміт пен жылулық ұялатқан шынайы рухани сыйға айналды.
Мереке аясында қазан-ошақ тігіліп, ыстық бауырсақ пісірілді, самаурынға қайнаған шай демделіп, дәстүрлі наурыз көже қонақтарға ұсынылды. Дастарқан басындағы осы бір көрініс қазақы қонақжайлықтың, берекелі тіршіліктің айқын бейнесін танытты.
Әсіресе әжелердің ұйымшылдығы, бірлігі мен жауапкершілігі көпшілікті тәнті етті. Ұлттық құндылықты ұлықтаған аға буынның бұл өнегелі ісі жас ұрпаққа үлгі болып, Наурыз мерекесінің шынайы мәнін айшықтай түсті.
Мерекелік думан тек ұлттық тағаммен ғана шектелмей, қала кәсіпкерлері де алғалықтар мен қала қонақтарына түрлі тәтті тағамдарды ұсынды. Сауда сөрелерінде көздің жауын алар түрлі-түсті шарлар мен ойыншықтар қаптап тұрды.
Орталық көше бойында әсем безендірілген алтыбақан бой көтеріп, балалардың шат күлкісімен көмкерілді. Мәз-мейрам болған балақайлар алтыбақан теуіп, бір сәтке болса да алаңсыз балалықтың бақытын сезінді. Көздің жауын алар ұлттық нақыштағы алтыбақанға бала атаулы топырлап келіп, Наурыздың шынайы қуанышын өздерінше өрнектеді.
Бұл күні үлкені де, кішісі де бір-біріне ізгі тілегін арнап, Наурызбен құттықтасып жатты. Көптен көріспеген ағайын-туыс, дос-жаран қауышып, «Бір жасыңмен!» деп құшақ жая қауышқан сәттер – Наурыздың ең қымбат, ең шынайы көрінісі болды.
Алғадағы бұл думанды мереке жүректерді жақындатқан, адамдарды табыстырған ерекше күн ретінде Ұлыстың ұлы күнінің мәнін тереңнен ұғындырды.
Ұрпақ сабақтастығының ұлы сахнасы төрінде
22 наурыз күні Таңғы сағат 11:00-де басталған мерекелік концерттік бағдарлама ұлттық дәстүр мен заманауи өнердің жарасымды үйлесімін көрсеткен тағылымды шараға айналды.
Мерекенің шымылдығы «Томирис» би ансамблінің «Көктем» биімен түрілді. Көктемнің биязы тынысы мен жаңару рухын айшықтаған бұл көрініс көрерменді бір сәтте-ақ шаттық пен салтанатқа толы мерекелік көңіл күйге бөледі. Ізін ала «Айгөлек» би тобының «Шашу» биі ұсынылып, сахнадан шашылған тәттілер – молшылық пен берекенің белгісіндей әсер қалдырды.
Көпшілік назары сахналық көрініске ауған сәтте ұлттық құндылықтың алтын діңгегі – шаңырақ көтеру рәсімі сахналанды. Диктордың жүрекке жылы тиетін сөздерімен қатар, ортаға көтерілген шаңырақ – ұрпақ сабақтастығының символына айналды. Әже, қыз және бала арасындағы диалог арқылы дәстүрдің мәні, елдіктің мәйегі көркем тілмен жеткізілді. Ақсақалдың ақ батасы мерекенің мазмұнын тереңдете түсіп, көпшілікке ізгі тілек пен береке сыйлады.
Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз Алға ауданында биыл да игі істермен айшықталды. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Әсіресе, баспаналы болған отбасыларға жаңа үй кілттерін табыстау рәсімі көпшілік көңілін толқытқан ерекше сәттердің бірі болды.
Көктемнің жаңаруымен қатар келген мереке қарсаңында 30 отбасы жаңа баспанаға ие болып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Жаңа баспана Алға қаласы тұрғындарымен қатар Маржанбұлақ, Қарағаш, Нұрбұлақ, Есет батыр, Үшқұдық және Сарықобда ауылдарының азаматтарына берілді. Әрбір табысталған кілт – бір шаңырақтың жаңа өмірге қадам басуы, әр отбасының арманының орындалуы іспетті.
Мерекелік бағдарлама өнерпаздардың жарқын өнерімен жалғасын тапты. «Батыс Этно» тобының ұлттық нақыштағы әндері, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндерінің өнерлері, әжелер ансамблінің «Қазақы дастарханым» әні – барлығы да ұлттық рухты асқақтатты. Әрбір музыкалық нөмір Наурыздың мазмұнын тереңдете түсіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Көктемнің келуімен бірге жаңарған табиғат секілді, бұл күні адамдардың да көңілі жаңарып, жүректерге үміт ұялады. Наурыз – тек мереке ғана емес, ол – татулықтың, бірліктің, ізгіліктің бастауы. Алға өңіріндегі бұл думанды шара соның жарқын дәлелі болды.
Құрметті оқырмандар! Сөзіміздің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғымыз келеді. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «… Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деген сөзін секе ала отырып, ауызбіршілігіміз мықты болып, Тәуелсіз Қазақстан жасай берсін дегіміз келеді! Наурызда тек жер, табиғат қана жаңармай, біздің бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз жаңарсын. Кешірімді болайық, мейірімді болайық! Наурыз мерекесі құтты болсын! Молшылық, бейбіт заман болсын! Наурыз мерекесін ұйымдастыруға атсалысқан әрбір жанға бас иіп алғыс білдіреміз!
Мадина ТАЖИБЕКОВА