Ардагерлер кеңесінің конференциясы өтті

 18 Наурыз күні Алға ауданының әкімдігі ғимаратында Алға аудандық ардагерлер ұйымының кезекті конференциясы өтті. Конференция жұмысына аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин, аудандық мәслихаттың төрағасы Марат Төлеуов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Мағауияұлы Аймағамбетов, облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері, ауданымызға еңбегі сіңген азаматтар Нұрхан Ағниязов пен Рақымжан Жұмағұлов, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық қоғамдық кеңестің, бірлестіктер мен ұйымдардың төрағалары, мемлекеттік мекеме және бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында өткен кезеңдегі атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды..

Халқымыз қашанда қариясын қадірлеп, ақылын азық еткен. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген даналық сөздің мәні бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Өмірдің талай белесін еңсерген аға буын – қоғам тұрақтылығы мен бірлігінің тірегі. Сондықтан да олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі, әсіресе жаһандану дәуірінде, ерекше маңызға ие.

Конференцияда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин ардагерлер ұйымының аудан өміріндегі орнын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, өңіріміздің жан-жақты дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ардагерлерге алғысын білдірді.

Күн тәртібіне Алға аудандық ардагерлер ұйымының 2021–2026 жылдар аралығында атқарылған жұмысы, Алға аудандық ардагерлер ұйымының тексеру комиссиясының жұмысы туралы баяндама жасалды. Алға аудандық ардагерлер кеңесіне, сондай-ақ тексеру комиссиясының жаңа құрамын және Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясына қатысатын делегаттарды сайлау туралы мәселелер қозғалды.

Конференцияда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов есепті кезеңдегі жұмыстарға тоқталып өтті. Ол өз сөзінде ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты – ел бірлігін сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті. Сонымен қатар, өзінен бұрын қызмет атқарған аға буын өкілдерінің еңбегін жалғастыру жолында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Есепті кезеңде 3 пленум, 11 кеңес отырысы өткізіліп, онда өзекті 23 мәселе қаралған. Сонымен қатар, «Дәнекер» жобасы аясында медиация жұмыстары жүргізіліп, бірқатар даулы мәселелер бейбіт жолмен шешімін тапқан. Ал «Іскерлік және жанашырлық» жобасы шеңберінде кәсіпкерлер тарапынан зейнеткерлерге елеулі қолдау көрсетілді.

Конференцияда сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Мағауияұлы ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісін көрсеткен игі бастаманы ерекше атап өтті. Күні кеше өткен референдумға ұлттық киім киген 60 ене мен 60 келіннің басын қосып көпшілікке өнеге болған ақ жаулықты аналардың еңбегі елеусіз қалмады.

Осы игі істің ұйытқысы болған Тамды ауылы аналар кеңесінің төрағасы Жұмагүл Лұқпанқызы, Аққағаз Тәжігулова және Айшолпан Басенова Ақтөбе облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаңғұтовтың «Алғыс хатымен» және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы сайланып, алқа мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде аудандық ардагерлер кеңесінің  төрағалығына Бекжан Аппазов, оның орынбасарлығына Кенжеғара Маханов бірауыздан сайланды.

Жиын соңында делегаттар аудандық ардагерлер кеңесінің 2021–2026 жылдар аралығындағы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, алдағы кезеңге нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, зейнеткерлерді есепке алу жұмыстарын жетілдіру, әлеуметтік қолдауды күшейту, жастармен байланыс орнату, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

Алға ауданындағы бұл маңызды жиын – аға буынның қоғамдағы орны айрықша екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өткенді саралап, келешекке бағдар жасаған ардагерлер кеңесінің жұмысы – ел бірлігі мен тұрақтылығының кепілі екені сөзсіз.

Мадина ТАЖИБЕКОВА