Үкімет жанындағы инновациялық штаб кәсіпорындардың даму жағдайына кешенді түрде түгендеу жүргізеді

Үкіметте жаңа Конституцияда бекітілген нормалар шеңберінде инновациялық даму мәселесін қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі ведомстволар мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:

Ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 күнде саланы ведомствоаралық үйлестіру және технологиялық басымдықтарды әзірлеу үшін Үкімет жанынан инновациялық штаб құруы қажет. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі төрағалық ететін Штаб бастапқы идеядан өнім шығаруға дейінгі өндірістік кезең бойына инновациялық экожүйенің барлық қатысушыларының күшін жұмылдыруды қамамасыз етуі тиіс.

«Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін ынталандыру үшін осы жылдың 1 маусымына дейін барлық өндіріс орындарының инновациялық қызметі мен технологиялық даму жағдайына кешенді түрде түгендеу жүргізу керек», — деп атап өтті Премьер-министр.

Ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 маусымына дейін нақты басым салалар мен технологияларға назар аудара отырып, Инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс.

Ғылым және Жасанды интеллект министрліктері салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларды тіркеп, қолдау көрсетуге және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» жұмысын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қоссын. Сонымен қатар әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтерді қамтитын инновациялық жобалардың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін құру қажет.

Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.

@KZgovernment