Алға даласында жаңғырған жыр-дастан

 Алға аудандық І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Әлдиден эпосқа дейін» атты аудандық батырлар жыры байқауы – ұлттық рухты жаңғыртқан тағылымды шаралардың бірі болды. Көнеден жеткен көмейлі жырдың күмбірі бұл күні жас жүректерге жол тауып, бабалар аманатын қайта тірілткендей әсер қалдырды.

Шара барысында қазақ халқының батырлық эпостарын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ерлік рухын сіңіру мақсатында ұйымдастырылған «Батырлар жыры – халықтың өшпес рухы» атты кітап көрмесі де көрермен назарын аударып, рухани мұраның тереңдігін танытты.

Ауданның ауылдық және қалалық мектептерінен келген оқушылар бақ сынап, батырлар жырын жатқа оқыды. Әр қатысушының орындауында тек жаттанды сөз емес, жүрекпен сезінген рух, бабалар ерлігіне деген құрмет айқын аңғарылды. Қисса-дастан тарихтың тірі куәгері екендігін ескерсек, жас талапкерлер сол асыл мұраны бүгінгі күнмен жалғап, көрерменге әсерлі жеткізе білді.

Байқаудың мәнін айқындай түскен тағы бір маңызды жайт – қазылар алқасының құрамы болды. Өнер мен білімнің, тәжірибе мен тағылымның тоғысқан төрінде елге белгілі тұлғалар төрелік етті.

Қазылар қатарында мәдениет саласының ардагері, күй өнерінің жанашыры, Қазанғап дәстүрін жалғаған Әбдімажит күйшінің ұрпағы Сара Мәжитқызы болды. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ардагер ұстазы, зейнеткер Перизат Мамутова да жас жыршылардың өнеріне байыппен баға беріп, сөз құдіретін тереңінен таразылады. Қазылар алқасын №4 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дамира Бердібайқызы толықтырды. Ол өз кезегінде оқушылардың тіл тазалығына, көркем оқу мәнеріне ерекше назар аударып, жырды жүрекпен жеткізудің маңызын айқындап берді.

Осындай білікті мамандардың сарабдал бағасы байқаудың деңгейін биіктетіп, қатысушылардың өнеріне әділ төрелік жасалуына негіз болды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Тоқмансай негізгі мектебінің оқушысы Елеусіз Шахризат Рүстемқызы иеленді. І орынды №1 Алға орта мектебінің оқушысы Елеусіз Азамат жеңіп алды. ІІ орынды №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушысы Жоныс Мәди Болатұлы қанжығасына байласа, ІІІ орын №1 Алға орта мектебінің оқушысы Әділбекова Аррайанға бұйырды.

Сондай-ақ байқауда белсенділік танытқан №1 Алға орта мектебінің оқушысы Нұранов Нұрсұлтан мен Қарабұлақ мектеп-бақшасының тәрбиеленушісі Мұхамбеталиева Ақнұр «Алғыс хатпен» марапатталды.

Жүлдегерлер мен қатысушылардың барлығы ақшалай сертификаттармен және мақтау грамоталарымен марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, алдағы ізденістеріне жол ашар ынталандыру болмақ.

Осындай тағылымды шараға шәкірт дайындап, өнерге баулыған ұстаздардың еңбегі де айрықша құрметке лайық. Өйткені, ұлт руханиятының жүгін көтерер ұрпақ – ұстаз тәрбиесінен қалыптасады.

Жырмен сусындаған бұл күн – тек байқау ғана емес, рухани сабақ, тарихи жадының жаңғыруы болды. Батырлар жырының асқақ үні әлі талай буынның жүрегінде жаңғырып, елдік пен ерліктің мәңгілік мұратын ұлықтай бермек.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ