Манипулятивті контенттен сақтану жолдары

Қазіргі ақпараттық қоғамда әрбір адам күн сайын жүздеген ақпарат ағынына тап болады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын мәліметтердің барлығы бірдей шынайы әрі пайдалы емес. Олардың арасында адамның санасына әсер етуді көздейтін, белгілі бір пікірді күштеп қалыптастыруға бағытталған манипулятивті контенттер жиі кездеседі. Мұндай ақпараттар қоғамда алауыздық тудыруы, жалған түсінік қалыптастыруы және адамдарды теріс әрекеттерге итермелеуі мүмкін.

Манипулятивті контент дегеніміз – адамның эмоциясына, сеніміне немесе әлсіз тұстарына әсер ету арқылы белгілі бір ойға немесе әрекетке бағыттайтын ақпарат. Көбіне мұндай контент шындықтың бір бөлігін ғана көрсетіп, қалғанын жасырады немесе мүлде жалған мәліметке сүйенеді. Ол әсіресе діни, саяси және әлеуметтік тақырыптарда жиі байқалады.

Манипуляцияның ең кең таралған тәсілдерінің бірі – қорқыныш пен үрей туғызу. Мысалы, «егер сен бұлай жасамасаң, үлкен қауіпке ұшырайсың» деген сияқты мазмұндағы ақпараттар адамды ойланбай әрекет етуге мәжбүрлейді. Сонымен қатар, «барлығы осылай жасап жатыр» деген жалпылама тұжырымдар арқылы көпшілікке еліктету әдісі де жиі қолданылады. Тағы бір тәсіл – жалған беделге сүйену, яғни белгісіз немесе күмәнді тұлғаларды «маман», «ғалым» ретінде көрсету арқылы сенім қалыптастыру. Мұндай контенттен сақтанудың ең тиімді жолы – сыни ойлау қабілетін қалыптастыру. Әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын оның дереккөзіне назар аудару қажет. Ақпарат қайдан шықты? Оны кім таратты? Бұл сұрақтарға нақты жауап болмаса, мәліметке күмәнмен қараған жөн. Ресми және сенімді ақпарат көздерін ғана негізге алу – ақпараттық қауіпсіздіктің басты қағидаларының бірі.Сондай-ақ эмоцияға берілмеу маңызды. Егер ақпарат сізді қатты ашуландырса, қорқытса немесе бірден әрекет етуге итермелесе, бұл – манипуляцияның белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру қажет.

Ақпаратты бөлісу мәдениеті де үлкен рөл атқарады. Көп жағдайда адамдар тексерілмеген мәліметтерді өзгелерге таратып, манипулятивті контенттің кең таралуына өздері де себепкер болып жатады. Сондықтан кез келген ақпаратты бөліспес бұрын оның шынайылығына көз жеткізу – әрбір азаматтың жауапкершілігі.

Жастар – манипулятивті ақпараттың негізгі нысаналарының бірі. Себебі олар әлеуметтік желілерді белсенді қолданады және жаңа ақпаратты тез қабылдайды. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде медиасауаттылықты арттыру, ақпаратты талдау дағдыларын дамыту аса маңызды. Бұл жастарды жалған идеологиялар мен деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғауға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, манипулятивті контент – заманауи қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Одан қорғанудың басты жолы – ақпаратты сараптай білу, сыни ойлау және жауапкершілікпен әрекет ету. Әрбір азамат ақпараттық мәдениетін арттыру арқылы тек өзін ғана емес, тұтас қоғамды жалған ақпараттың зиянынан қорғай алады.

Алға аудандық Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы