23 сәуір – Кітапханашылар және Ұлттық кітап күні

Тұрақты оқырман – кітапхананың ажырамас бөлігі

Елімізде Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізілді. 24 қазан күні аталып өтілетін кәсіби мереке енді 23 сәуірге ауыстырылды. Себебі, бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Мерекелердің осылайша бір күнге тоғысуы оның мән-маңызын арттыра түсіп, кітапханалардың білім тарату мен мәдени мұраны сақтаудағы орны ерекше екенін айқындайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Бұл салада 20 мыңнан астам маман еңбек етуде. Ал, Алға ауданында барлығы 15 кітапхана бар, оның екеуі аудан орталығында орналасса, қалған 13-і ауылдық округтерде халыққа қызмет көрсетеді.

Кез келген кітапхананың кітапты үзбей оқитын, кітапты жанына серік етіп, ақыл-ой мен танымын байыту үшін үзбей келетін тұрақты оқырманы болады. Сонымен қатар олар кітап алып оқығаннан бөлек,  кітапханалық іс-шараларға белсенді түрде қатысып, кітапхананың дамуына өзіндік үлестерін қосып жүреді. Атаулы мереке қарсаңында ауданымыздағы кітапханалардың ажырамас бөлігі тұрақты оқырмандарымызды көпшілікке таныстыруды жөн көрдік.

Бақыткерей Бекзат Маратұлы — Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің тұрақты оқырманы, жас ақын. 22 жаста. Туған жері – Алға ауданы, Қарақұдық ауылы. Қазіргі кезде Ақтөбе металл құрастыру зауытында инженер конструктор болып жұмыс жасайды. Аудандық кітапханада өтетін байқауларға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген белсенді оқырмандардың бірі.

Оның кітап оқуға деген ынтасы мектепте оқып жүрген кезінен бастау алған. Оқырманның айтуы бойынша оның кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуға нағашы атасы әсер еткен. Нағашы атасы көп оқыған, көпті көрген кісі болған. Сонымен қатар анасы да кітапты көп оқитын жандардың бірі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Бекзат та кішкентай кезінен отбасынан үлгі алып, жаны кітапқа құмар боп өседі. Жалпы оның өзінің айтуы бойынша көркем әдебиетке деген қызығушылығы Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» шығармасынан басталған. Интернатта оқып жүрген кезінде «Әдебиеттік оқу» деген арнайы уақыт болатындығын да айтып өтті. Бұның барлығы адамның кітапқа деген ерекше ықыласын ашатыны анық. Бекзат қазақ классиктерінің тең жартысын оқып шыққан кітапсүйер оқырман. Оның қай қалаға барса да, «MARWIN» кітап дүкеніне соқпай, кітап сатып алмаған күні болмаған. Тіпті, бір қызығы бірде ол «MARWIN» — нен ағылшын жазушысы Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» шығармасын сатып алып, қызығып кеткені соншалық автобусқа отырып үйіне жеткенше толығымен оқып аяқтаған кезі де болған. Оқырманның өзі кітапты өте тез оқитындығын айтты.

Бекзат: « — Бүгінде адамдардың барлығының алтын уақытын ұялы телефон ұрлаған заман болды ғой. Бірақ соның өзінде де мен кітап оқуға әрдайым уақыт бөліп оқығанды жаным сүйеді. Себебі, кітап оқыған адамның таным көкжиегі кең, ойлау жүйесі басқаларға қарағанда терең болатыны сөзсіз. Өзімнің туған күніме былтыр мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының төрт томдығын сатып алып, сыйлық жасадым. Соны қазір оқу үстіндемін. Жалпы мен бұл романның орыс тіліндегі төрт томдығын мектепте оқып жүрген кезімде оқып тастаған болатынмын. Алға аудандық кітапханасында ұйымдастырылған көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды қанжығама байладым. Байқауларға қатысу арқылы мен өзім шабыт аламын, тәжірибе жинақтаймын. Жалпы айтарым, «Артық білім кітапта» демекші, адам баласы кітап оқуды әдетке айналдырса, оның танымы кеңейіп, рухани жан дүниесі байиды. Сол себепті де, баршаңызды кітап оқуға шақырамын.»

 

         Бекторғанбек Нұртас Асхатұлы – Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының тұрақты оқырманы, жас ақын. Небәрі жас тоғызда болса да, кітап оқуға деген ынтасы өте жоғары жас оқырман. Болашағынан ата-анасы, ұстаздары зор үміт күтіп отырған Нұртастың бойында оқу-білімге деген талпынысы ерекше. Ол сыныбында үздік оқушылардың бірі, сонымен қатар топ басшысы. Бүгінде ол түрлі тақырыптарға қалам тербеп, жүректен шыққан өлеңдерін де жазып жүрген жайы бар. Нұртастың әкесі Асхат Аймағанбетовтың  айтуы бойынша отбасыларында өздері де кітап оқығанды жақсы көретіндерін айтқан болатын. Мүмкін содан да болар, кез келген бала ата-анадан көргенін жасайды. «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген аталы сөз дөп басып айтылғандай.

«Болар бала бесіктен» демекші, кітапханашылардың айтуы бойынша жалпы Нұртастың бойында бір нәрсені білуге деген құмарлық, көзінде ерекше от жалындап тұрады. Көп ізденуді жаны сүйетін жас жеткіншек кітапханаға жиі барады. Онда өтетін түрлі іс-шараларға, байқауларға да қатысып отырады. Нұртас Бердібек Соқпақбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтың, Мұхтар Шахановтың, Бауыржан Момышұлының, Ақберен Елгезектің, Қалқаман Сариннің шығармаларын сүйіп оқиды. Сонымен қатар тарихи кітаптарды да оқығанды ұнатады. Әсіресе, қазақ халқының даңқты батырлары мен хандарының өмір жолы қызықтырады. Келешекте осы аталары секілді халқының қалаулы ақын-жазушысы болып, жинақтарын шығарсам деп армандайды екен. Армандап қана қоймай, кішкентай болса да сол жолда талмай ізденіп жүрген талабы зор оқушылардың бірі. Талабы таудай жас оқырманға келешегінің кемел болуын тілейміз!

         Қарасаева Қарылға Тоқтарбайқызы – Қарабұлақ ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы, зейнеткер. 1956 жылы дүниеге келген Қарабұлақ ауылының тұрғыны. Қарылға апа 10 жасынан бастап кітапқа құмар бо өскенін айтады. Қазіргі күннінң өзінде жасы келсе де кітаптан қол үзбегенін айтады. Бүгінде немерелеріне ертегі, түрлі әңгімелер оқып беруді ұнататынын айтқан болатын.

Қарылға Тоқтарбайқызы: « — Біздің жастық шағымызда қазіргідей алаңдайтын көп нәрсе болмады. Сол себепті де шығар көпшілігі кітап оқитын. Кітапқа деген қызығушылықтары да ерекше болатын, тіпті кітапханаларға кезекке тұрып оқитын. Ол кездерде жарық болмай қалатын күндер көп болатын, соған қарамастан шаммен де оқи беретінбіз. Бұл кітап оқуға деген ықыластың белгісі болатын. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, техниканың дамығаны әрине жақсы. Бірақ жастарымыз соны мөлшерімен, ретімен қолданса дейміз. Себебі, мына ұялы телефон, әлеуметтік желілер, тоқтаусыз келіп жатқан сан түрлі ақпараттар сананы улап жатқаны ащы да болса шындық. Сол себепті де, жастарымызды жаппай кітап оқуға шақырамын. Кітапты қолға алып оқыған мүлдем басқаша сезім. Ол оқыған нәрсе ойыңда мәңгіге қалады, керек десеңіз тіпті өмірлік азық болады дер едім.» — дейді.

Жасы келсе де бүгінде Қарылға апа ауыл кітапханасының тұрақты оқырманы. Кітапханаға келген жаңа кітаптарды да алып оқығанды ұнатады. Қарылға Тоқтарбайқызы үшін кітап — жай ғана ақпарат емес, ой толғайтын, рухани азық алатын құндылық.

Айару Мейрамбекқызы – Үшқұдық ауылдық кітапханасының жас тұрақты оқырманы. Жасы 12 де. Бүгінде Үшқұдық орта мектебінің 6-сыныбында оқитын озат оқушылардың бірі. Айару мектепте сабақты өте жақсы оқумен қатар, кітапханаға жиі барып көп ізденетін талапты жас жеткіншек.

Жас оқырман кітап оқуға 4-сыныптан бастап ерекше қызығушылық таныта бастаған. Содан бері ол бұл әдетін дамытып, коворкинг орталығына жиі келіп, түрлі жанрдағы әдебиеттермен танысып, өз білімін жетілдіруді әдетке айналдырған. Айару әсіресе шетел әдебиетіне қызығады. Полианна мен  Гарри Поттер сияқты әлемге танымал шығармалардың аудармаларын сүйсіне оқиды. Бұл кітаптар оның қиялын дамытып қана қоймай, өмірге деген көзқарасын кеңейтіп, жақсылыққа сенуге, армандауға жетелейді.

Айару келешекте білікті де, білімді дәрігер болуды армандайды. Қазірден бастап арманын ақиқатқа айналдыру жолында күндіз-түні еңбектеніп, көп оқиды, ізденеді. Жас оқырман кітап оқудың адамның дамуына қаншалықты оң әсерін тигізетінін біліп, өзінің қатарластарын да кітап оқуға шақырады. Себебі, кітапты көп оқыған адам түбінде бір үлкен жеңіске жететініне сенім білдіреді.

«Кітап оқуды қойған адам, ойлауды да қояды» деген сөз бекер айтылмаған. Соңғы уақытта бұл мәселе көп көтеріліп те жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев « Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қаиетіне айналғаны жөн» деп жаппай кітап оқу үрдісін қалыптастыру жолында оң өзгерістердің болғанын қалайтынын жеткізді. Олай болса, баршаңызды артық білім алуға шақырамыз. Кітап оқудан қол үзбейік!

                        «Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ 1938 жылы құрылған.

Көлемі – 340 м2

Кітапханада 5 бөлім бар:

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі – көпшілік іс-шаралар өтетін бөлім

Абонемент бөлімі – кітап қоры жинақталған бөлім

Бірыңғай кітап қоры бөлімі – жаңа түскен бір ғана кітап осы бөлімде орналасады, аталмыш бөлімде барлық сала бойынша кітаптар болады.

Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімі – жергілікті бюджеттен бөлініп сатып алынған кітаптар және де мемлекеттік тапсырыспен келіп түскен кітаптар осы бөлімде өңделіп, кітапханаларға таратылады.

Кітапханаларды дамыту бөлімі – барлық аудандық кітапханаларға әдістемелік, тәжірибелік көмек көрсететін бөлім.

 

Жалпы аудан бойынша кітап қоры  — 268 829

Оқырман саны – 23 254

Келушілер саны – 124 500

Кітап берілім саны – 309 580

Қызметкерлер саны – 42, оның ішінде кітапханашылар саны – 28.