Ұлт мақтанышы – Ахмет Жұбанов

 Ахмет Жұбанов қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, тұңғыш кәсіби дирижері, тұңғыш кәсіби композиторы, тұңғыш өнер ғылымының докторы, тұңғыш профессоры, қазақ ғылым академиясын құрысқан тұңғыш академиктердің бірі, тұңғыш халық аспаптар оркестрін құрған ұйымдастырушы, көркемдік жетекші.

Ахмет Жұбанов қасиетті Мұғалжар өңірінің тумасы. Бұл жерден ылғи композиторлар, күміс көмей әншілер шықты. Ахмет, Ғазиза Жұбановтар, Хабидолла Тастанов, «Боз жорғаның» авторы композитор Орал Бейбітұлы, әлемді өнерімен мойындатқан мақтанышымыз Димаш Құдайбергеновтың әкесі Қанат Айтбаев және т.б.

Ұлт мақтанышына айналған тұлғаның туғанына биыл 120 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтілуде. Біздің ауданымызда да жоспар бойынша мазмұнды іс-шаралар өткізілуде. Халқымыздың маңдайына біткен тұңғыш кәсіби музыканттың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған іс-шараларға тоқтала кетсек, ағымдағы жылдың 10-сәуір күні Болгарка ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ахмет Жұбанов – қазақ музыкасының тарихында ерекше орын алған тұлға», 13-сәуір күні Тамды ауылдық кітапханасында «Саз әлемінің сардары – Ахмет Жұбанов» атты мәдени шаралары өтті. 28 сәуірде Маржанбұлақ ауылдық модельді кітапханасында «Қазақ музыка өнерінің гималайы», 29 сәуірде І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасында «Өнер – әрқашан да өмір жырын жырлаушы», Бестамақ мәдениет үйінде «Қазақ музыкасының атасы – Ахмет Жұбанов», Қарақобда ауылдық клубында «Өнер ордасын өрге сүйреген тұлға», Қарақұдық ауылдық мәдениет үйінде «Өнер ордасының өр тұлғасы» тағылымды іс-шаралары және 30 сәуірде Алға қаласындағы орталық саябақта «Жұбанов әлемі» атты мерекелік кеші өтеді деп жоспарлануда.

Бұл аталған шаралар арқылы көпшілік көрермен, оның ішінде жас ұрпағымыз

Ахмет Қуанұлының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі, жүріп өткен сара жолы туралы толық мағлұмат алады. Тарихи тұлғаның өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен баға жетпес мұрасын қашан да жоғары бағалап, қастерлеуіміз керек. Оны әрі қарай насихаттау да біздің міндетіміз болып саналады.

Ахмет Жұбановтың есімі, еңбегі ел есінде. Ұлттың үнін әлемге танытқан ғалымның еңбегі ұшан-теңіз. Оның есімі ұлт сахнасында жыл өткен сайын жаңара бермек.

 Венера

Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт

 бөлімінің бас маманы