Көнені көзі – тарихтың өзі

Маржанбұлақта мұражай ашылды

Маржанбұлақ ауылында  жас ұрпаққа ата-бабамыздан аманат болып жеткен асыл мұраларымызды таныту, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу мақсатында «Көнеден қалған мол мұра» деген атаумен мұражай-кабинеттің ашылу салтанаты өтті.

Маржанбұлақтағы «Әжелер» қоғамдық ұйымына ауыл әкімі Мейіржан Аманов және ауылдық мәдениет үйінің директоры Ерболат Нұрышев мәдениет үйінің екінші қабатынан кең, жарық кабинет берген болатын. Сол кабинет Маржанбұлақ ауылы әжелер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, ауылға беделді жан, әрі осы көрме (мұражай) залының жетекшісі Қашқынбаева Жұмақыз Ізбасқызының бастамасымен жөнделіп, жабдықталып, бүгінде мұражай-кабинет боп ашылып отыр.

Мұражай ашылмастан бұрын  көнеден қалған салттарымыздың бірі «босаға майлау» рәсімі жасалып, ақ тілектер айтылды. Кабинеттің лентасын Алға аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов кесіп, жылы лебізін, ризашылығын білдірді:

Құрметті Маржанбұлақ ауылының тұрғындары! Бүгін көңіл толарлық, керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін орта, «Әжелер» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен дайындалған мұражай-кабинеттің ашылу салтанаты құтты болсын!

Айта кету керек, қазіргі кезде ай сайын жалақысын алып отырған кейбір адамдар жұмыс жасамайды, ал осы ауылдың әжелер кеңесінің төрағасы, үнемі белсенділік танытып жүретін Жұмағыз Ізбасқызы бастаған әжелер өз күштерімен осындай дүниені жасап отырғаны қуантады. Бұл дегеніңіз халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізге, жауһар жәдігерлерімізге деген аса бір құрметтің, жауапкершікітің белгісі. Бүл жерді тамашалауға келген кез келген келушілер көп мағлұмат алады, тарихын таниды. Үлкен жұмыс жасалғаны көрініп-ақ тұр. Оны айтпасқа болмайды. Көненің көзін насихаттайтын мұражай-кабинетте тағылымды іс-шаралар көп болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік, биік белестер тілеймін!

Мұражай қорында қазақ халқының бұрынғы ұстап, қолданған жәдігерлері және ескі техника түрлері жинақталған. Кабинеттің қақ төрінен әдемі жабдықталған халқымыздың көшпелі өмірінің символы киіз үй ішіне тап-тұйнақтай жиналған құрақ көрпелері, сандық, бесік, қазақ халқының ұлттық киімдері қойылған. Сонымен қатар мұражайда береке мен молшылықтың нышаны болып есептелетін ошақ пен қара қазан, шәугім, самаурындар бар. Ошақты мұражай-кабинетке арнайы №2 Маржанбұлақ орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Талғат Әжниязов өз қолымен жасап бергенін ерекше атап өтуіміз керек. Аталмыш мұражай-кабинеттің ашылу салтанатына және оның жабдықталуына «Әжелер» қоғамдық ұйымының мүшелері Рахима Қайырғалиеваның, Алма Аймағамбетованың, №2 Маржанбұлақ орта мектебінің директоры Рита Айтжанованың қосқан үлестері өте зор.

Ашылу салтанатына Маржанбұлақ ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарымсақ Есмағамбетов, өлкетанушы, «Ұлттық құндылықтар» кітабының авторы Райгүл Серғалиева, Алға ауданы әжелер ұйымының ұйымдастырушысы Күмісай Қожантаева, №2 Маржанбұлақ орта мектебінің директоры Рита Айтжанова, Тоқмансай, Үшқұдық, Қарақобда, Қарақұдық ауылдарының әжелер ұйымының төрайымдары, Маржанбұлақ ауылы кітапханасының кітапханашылары, ауыл тұрғындары қатысып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Алға ауданы бойынша 12 ауылдық округ ішінен алғашқы болып ашылып отырған бұл мұражай-кабинеттің өскелең ұрпаққа берер тәлімі, көрсететін үлгісі көп болады деген ойдамыз.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ