Жастар және құқықтық мәдениет

Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте «Заң және тәртіп» жобасы аясында оқушылармен кездесу өтті. Іс-шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты — жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, заң талаптарын түсіндіру.
Шара барысында оқушыларға құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жастардың жауапкершілігі туралы ақпарат берілді. Қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Жүрсін Әбжәновтың айтуынша, мұндай кездесулер қазіргі таңда қала мектептерінде жүйелі түрде өткізіліп жатыр.
— «Заң және тәртіп» жобасы аясында мектептерде осындай кездесулер ұйымдастырып келеміз. Бұған дейін университеттер мен колледждерде өткен болатын. Осы айдың соңына дейін мектептердегі жұмыстарды аяқтаймыз. Қаламызда 80-нен астам мектеп бар болса, соның 20-дан астамында жиналыс өткізіп, түсіндірме жұмысын жүргіздік. Жоба қыркүйек айынан бастап қайта жалғасады, — деді маман.
Ал қалалық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталықтың теолог-маманы Омар Әбдіхалықов жастар арасында діни сауаттылықты арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.
— Біздің негізгі мақсатымыз — дұрыс бағыт-бағдар беру. Қазіргі таңда телефон мен интернетте діни ақпарат өте көп. Алайда ондағы мәліметтің барлығы бірдей шынайы немесе тексерілген деп айту қиын. Сондықтан діни ақпаратты әлеуметтік желіден емес, арнайы мамандардан алған дұрыс. Себебі интернеттегі көптеген ақпарат сүзгіден өтпеген, — деді теолог маман.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.