Президент Алтын Орданың зияткерлік мұрасын зерделеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың зияткерлік мұрасын зерделеуді ұсынды.

— Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалыптасқан бай интеллектуалдық кеңістіктен бөліп қарай алмаймыз. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім. Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауымдастығына жататын халықтардың дүниетанымдық қағидаттарынан нәр алған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді. Бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толықтырып отырды, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, осы терең сабақтастықты түйсінбей, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын.
— Әлбетте, бұл орайда Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұраларының мән-маңызы зор. Ең алдымен, тарихта Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше.
Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.