Болашағы зор орталық

 

Соңғы кездері баласының тілі уақытында шықпай,  барлық психолог, логопед атаулыны іздеп жүретін ата-ананың қарасы көбейді. Бұл да өзекті мәселелердің біріне айналды. Баласының келешегі үшін алаңдаушылық танытқан ата-ана ең жақсы деген нәтиже көрсете алатын мамандарды іздеп, емдетуге асығады. Ауданымыздың орталығында осындай ой-өрісінің дамуында кемшілігі бар, тілінің мүкістігі бар балаларды сөйлетіп, толықтай жазылып кетулеріне септігін тигізіп жүрген «ДАМУ» балаларды түзете-дамыту орталығының бар болуы қуантады. Себебі, жергілікті халықтың алысқа бармай-ақ жақын жерден балаларын емдетуге толықтай мүмкіндігі бар.

Орталықтың негізін қалаушы, кәсіби логопед-дефектолог, психолог маман – Ахмединова Уния Қалабайқызы. Алға ауданының тумасы. Ол Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан педагогикалық университетінде білім алып, «Логопед-дефектолог» мамандығын меңгерген. Сонымен қатар білімін жетілдіру мақсатында Сочи, Астрахань, Калмыкияда оқыған. 2017 жылдан бастап логопед-дефектолог, психолог ретінде қызметін бастаған. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Алға қаласында жеке кабинет ашып, балалармен жұмыс жасай бастайды. Кейіннен кәсібін кеңейтіп, 2023 жылы маусым айында «ДАМУ» балаларды түзете-дамыту орталығын ашады. Бұл орталық 1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі тек ерекше емді қажет ететін емес, барлық балалардың жеке дамуына, қосымша білім алуына арналған. Тіпті бұнда мектеп түлектеріне арналған ҰБТ-ға дайындық курстары да бар. Балаларды түзете дамыту орталығы мектепке психологиялық дайындық, баланың сөйлеу тілін, сөздік қорын кеңейту, есте сақтау, зейінін, ірі және ұсақ қол моторикасын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сенсорлы интеграция (АФК), «арт терапия» әдістері және нейропсихология бағыты бойынша жұмыс жасайды. Орталықтың басшысы Уния Қалабайқызымен тілдескен болатынбыз. Ол өз сөзінде:

  — Мен мамандығымды сүйемін. Жұмысымды аса бір ынтамен орындауға асықпын. Өйткені, маған балалармен жұмыс жасаған, оларға қуаныш сыйлаған ұнайды. «Бала тілі — бал» деген халқымыздың нақыл сөзі бар ғой. Расында да баланың тәтті тілінен артық еш нәрсе жоқ. Сол тілдерінің дұрыс шығуына және қандай да бір қиындықтар болса орталықтағы барлық білікті мамандар болып түзетуге әрқашан даярмыз. Аталмыш орталығымыздың ашылғанына жуырда 1 жыл болады. Жалпы тәжірибемізде біз 4000-ға жуық бала тілінің шығуына көмектестік. Орталықта бүгінде 6 маман жұмыс жасайды. Олар: логопед, дефектолог, ұзартылған күн тобының мұғалімдері, психолог, әкімші. Алдағы уақытта емдік дене шынықтыру инструкторын алу да жоспарда бар. Біздің мекемемізде балалардың тілінің дұрыс әрі тез шығуына арналған жаттығулар жасалып, түрлі ойындар ойнатылады. Орталыққа ем, білім алуға көршілес аудандардан және басқа қалалардан да келіп жатады. Айта кететінім, көрсетілетін қызметтер бойынша бізде баға қолжетімді. Мүгедектігі бар балаларға 50% жеңілдіктер де қарастырылған. Әр жұма сайын диагностиканың барлық түрі, консультациялар тегін жасалады. Жалпы емдеу курсы 10-12 күн. Осы күндер аралығында да қуантарлық нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша орталықта сенсорлы интеграция әдісіне арналған кабинетті жабдықтау үшін ғана байқауға қатысып, несие алдым. Ал, жалпы орталықты өз күшімізбен ашып, тынымсыз еңбектің арқасында жұмысты жандандырып келеміз. Болашақта тағы бір филиалымызды ашу жоспарымызда бар. Ең бастысы орталығымызға келген әрбір ата-ана мен баланың тілегін орындасақ, біздер үшін ол үлкен жеңіс деп есептейміз! Ата-аналардың алғысы бізді тек алға ұмтылуға қанаттандырады. Ақыл-ойы жүйрік, санасы айқын, дені сау балаларымыз күн санап көбейе берсін, — деді.

1 маусым — Балаларды қорғау күні қарсаңында орталықта арнайы дайындалған «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік шара өтті. Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлайтын аниматорлар шақырылып, шат-шадыман күйге бөледі. Аталмыш шарада осы орталықта білім, ем алып нәтиже көрген ата-аналар да жүректен шыққан ыстық ықыластарымен бөлісіп, алғыстарын жаудырып жатты.  

Ата-аналар пікірі

Сайра Барзакова:

 — Уния Қалабайқызын бұл орталық ашылмай тұрып танимын. Өте жақсы, білікті маман екенін біліп, немерелерімді осы орталыққа бердім. Нәтижесі өте жақсы. Көңілім толықтай толады. Қалаға жүгірмей, өзіміздің ауданымызда барлық талапқа сай осындай орталықтың болғанына қуаныштымыз. Бұл әрине әрбір ата-ана үшін өте ыңғайлы, жол жүріп шаршап жүрмейді. Орталық келешегінің зор боларына сенімім мол. Тек өрлеу мен өсу тілеймін, — деп жүрек жарды тілегін білдірді.

Жансая Тажигарина, ата-ана:

 — Менің 2014 жылғы ұлым бар. Туған кезінде гипоксия болған. 1,5 жасында сөйлеп кетсе де, дамуында кемшіліктер болды. Мен сол кезде таныстарымнан Уния Қалабайқызы туралы естіп, бірден барған болатынмын. Ол кезде шағын ғана кабинетте қабылдайтын. Кезекте әрқашан адам көп болатын. Бірнеше рет қабылдауына кіре алмай, бір күні сәті түсті. Уния Қалабайқызы баламды диагностикадан өткізіп, жеке жұмыс жүргізіп емді бастап кетті. Ол кезде балам 8 жаста болса да, өзін 4-5 жастағы бала секілді ұстайтын. Сөйлеген сөздері, іс-әрекеттері де жасына сай келмейтін. Міне, біздің Уния Қалабайқызына үзбей келіп жүргенімізге биыл 2 жыл. Осы уақыт аралығында балам өте жақсы жағына өзгерді. Қазіргі кезде өзінің жасына сай сөйлеп, ойын толық жеткізе алады. Мектепте де сабағын жақсы оқиды, достары да көбейді. Өзінен кейінгі бауырларына жанашыр болып өсіп келеді. Өзіммен жеке сөйлесіп, сырларымен де бөлісіп жүр.  Орталықта өтетін сабақтарға асығып келеді. Баламның осындай дәрежеге жеткені үшін қуанамын. Әрине, бұл нағыз өз ісін сүйетін кәсіби маманның жемісі. Уния Қалабайқызына алғысым шексіз. Еңбек жолында тек толағай табыс пен сәттілік тілеймін, — деп ыстық ықыласын білдірді.

 P.S: Осы кезекте айтарымыз, аталмыш сұранысқа ие орталықтың қаламызда орналасуы таптырмас мүмкіндік. Себебі, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан орталықтың әлі талай балалар мен ата-аналардың үмітін ақтап, арманын орындары анық. Өз ісінің шебері Уния Қалабайқызы бастаған орталық ұжымына тек биік белестер тілейміз! Алғысқа бөленіп жүре беріңіздер!

Марал Жалғасқызы