
Қазіргі цифрлық дәуірде интернет пен әлеуметтік желілер ақпарат алмасудың негізгі құралына айналды. Бұл өз кезегінде қоғам үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, бірқатар қауіптерді де алып келуде. Солардың бірі – онлайн кеңістікте радикалды идеялардың таралуы, яғни онлайн радикализм құбылысы.
Онлайн радикализм – бұл интернет ресурстары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы адамдардың санасына экстремистік және радикалды идеяларды сіңіру үдерісі. Әсіресе, бұл құбылыс жастар арасында кең таралуда, себебі олар цифрлық ортада белсенді және ақпаратты тез қабылдауға бейім келеді.
Онлайн радикализмнің пайда болу себептері көпқырлы. Ең алдымен, ақпараттық сауаттылықтың төмендігі маңызды факторлардың бірі болып табылады. Көп жағдайда пайдаланушылар интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексермей, оны қабылдай береді. Осыны пайдаланған радикалды топтар жалған немесе бұрмаланған діни мәліметтерді таратып, адамдарды өз идеологиясына тартуға тырысады.
Екінші себеп – әлеуметтік-психологиялық факторлар. Қоғамда өз орнын таба алмаған, әлеуметтік қолдауды сезінбейтін немесе түрлі қиындықтарға тап болған азаматтар радикалды идеяларға бейім болуы мүмкін. Мұндай адамдар интернетте өздерін «түсінетін» қауымдастықтарды іздеп, соның ықпалына түсіп жатады.
Үшінші маңызды фактор – діни сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Дін туралы терең әрі жүйелі білімнің болмауы адамдарды жалған діни түсініктерге сенуге итермелейді. Радикалды ағым өкілдері қасиетті мәтіндерді өз мақсаттарына сай бұрмалап, оны «ақиқат» ретінде ұсынады.
Сонымен қатар, онлайн платформалардың қолжетімділігі мен анонимділігі де бұл үдерісті күшейтеді. Интернетте кез келген адам өз ойын еркін жариялай алады, ал кейбір жағдайларда жалған аккаунттар арқылы заңсыз контент тарату оңайға түседі.
Онлайн радикализмнің алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта ең алдымен, халықтың, әсіресе жастардың медиа және діни сауаттылығын арттыру қажет. Білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, сенімді ақпарат көздерін насихаттау маңызды. Сондай-ақ, ата-аналар мен педагогтардың рөлі ерекше. Жасөспірімдердің интернеттегі әрекеттеріне көңіл бөліп, олармен ашық диалог орнату – радикалды ықпалдың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.
Қорытындылай келе, онлайн радикализм – бұл тек интернеттегі мәселе емес, ол қоғамның әлеуметтік, мәдени және білім беру салаларымен тығыз байланысты кешенді құбылыс. Сондықтан оған қарсы тұру үшін жүйелі, кешенді және бірлескен жұмыстар жүргізу қажет.
Г.Баетова,
Алға аудандық Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының басшысы