Қазақстан Президенті Ресеймен арада білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сириус» жобасын қолдайтынын және оның болашақ кадрларды даярлаудағы маңыздылығын атап өтті.

— Елдеріміз білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында табысты ынтымақтастық орнатты. Әрине, осы байланыстар халықтарымыздың одан әрі жақындасуына ықпал етеді. Жақында Астанада Ресейдің Қазақстандағы күндері өтіп, оны Қазақстан халқы мен елорда тұрғындары да үлкен ризашылықпен қарсы алды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Сириус» жобасына тоқталды.
— Жеке өзім қолдайтын «Сириус» жобасын ерекше атап өткім келеді. Өйткені ол болашақ кадрларды дайындау үшін өте пайдалы деп есептеймін», — деді Президент.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Алматы мен Астанада тиісті нысандардың құрылысы басталатынын атап өтті.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.