Елек өзенінің жағасын тазалады


Бүгін Елек өзенінің жағалауында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күніне арналған «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті.
Оған «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары және еріктілер қатысты.
Акцияға атсалысқан жастар бір мезетте әсем табиғатқа көрік беріп тұрған аумақты күл-қоқыстан тазалады. «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» облыстық штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, аталған акция аудандарда да жалғасын тауып жатыр.
— «Мөлдір бұлақ» акциясы бір мезеттік шара емес. Бүгінде қала және аудан жастары экологиялық акцияға үн қосып жатыр. Кезекті акцияға Мағаджан тәлімбағында еңбек етіп жатқан жас сарбаздар жұмылдырылды. Олар «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза жағалау» сияқты көптеген тазалық шараларына да атсалысып жүр. Бұл жастардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға сеп болады. Бүгінде наурыз айынан бері 500-ден астам жас жұмыспен қамтылды. Жалпы биылғы еңбек маусымында 3200 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Еңбек жасағының жұмысы биыл жыл бойы жалғасады. Мақсатымыз — жұмыссыз жастарды еңбекке баулу, — дейді ол.
Мағаджан тәлімбағында еңбек етіп жүрген мәртөктік сарбаз Тимур Есім табиғатты қорғау, тазалықты сақтау — әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтады.
— Биыл еңбек жасағында алғаш рет жұмыс істеп жатырмын. Қаратоғай орта мектебінде оқимын. Өзім сияқты жас буынды экологиялық мәдениетке баулып, оларды қоршаған ортаны таза ұстауға үндегім келеді. «Мөлдір бұлақ» акциясында өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтар мен пластик, қағаз және өзге де қоқыстардан тазарттық, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.


