БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Ақтөбе облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің сапасы мен көлеміне жүргізілген мониторингтің 2026 жылдың 4 айындағы қорытындыларын шығарды

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетушілердің заңнама талаптары мен шарттық міндеттемелерді сақтауын бақылау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша филиал сарапшылары денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерінде жалпы сомасы 221 млн теңгеден асатын 5 535 ақауды анықтады. Бұдан бөлек, жоспардан тыс мониторинг нәтижесінде медициналық ұйымдарға 263 млн теңгеден астам сомаға өзге де шегерімдер мен қаражатты қайтару түріндегі экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды.

Мониторинг барысында анықталған негізгі бұзушылықтар қатарында емдеу-диагностикалық қызметтер көлемін негізсіз арттыру, көрсетілген медициналық көмектің құнын көтеру, сондай-ақ медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларын сақтамау фактілері бар. Ақаулардың басым бөлігі консультациялық-диагностикалық қызметтерге, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмекке тиесілі.

Қор мамандары медициналық қызметтерді негізсіз есепке жазу фактілерін анықтауға ерекше назар аударады. Есепті кезеңде төлемге ұсынылған, бірақ расталмаған 719 медициналық қызмет анықталып, олардың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Сонымен қатар қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында кешенді диагностикалық зерттеулерді бірнеше жеке қызметке бөліп көрсету жағдайлары тіркелді.

Мониторинг барысында медициналық көмектің құнын негізсіз қымбаттату фактілері де анықталды. Атап айтқанда, кейбір медициналық ұйымдар диагноздардың неғұрлым қымбат кодтарын немесе баламалы әрі тиімді әдістер болғанына қарамастан, құны жоғары диагностикалық зерттеулерді қолданған. Сондай-ақ жеткілікті медициналық көрсетілімдерсіз зертханалық талдаулар тағайындау және олардың нәтижелерін кейіннен түсіндірмеу жағдайлары да кездескен.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін ұйымдар арасында амбулаториялық деңгейде немесе күндізгі стационар жағдайында емделуі мүмкін пациенттерді негізсіз ауруханаға жатқызу кең таралған мәселелердің бірі болып қалып отыр. Мұндай жағдайлар МӘМС және ТМККК жүйелерінің қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеледі.

Қызметтерді сатып алу бойынша шарттық міндеттемелердің орындалуына жүргізілген мониторинг барысында медициналық қызметті лицензиялау саласындағы заңнама талаптарының бұзылу фактілері де анықталды. Бірқатар медициналық ұйымдарға рұқсат құжаттарын қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру жөнінде ұсынымдар берілді.

Сонымен қатар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда анықталған ақаулар санының азаюы оң үрдіс ретінде бағаланады. Бұл медициналық ұйымдар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының, ақпараттық жүйелерге деректерді енгізу сапасының жақсаруының және Қор талаптарын сақтау деңгейінің артуының нәтижесі болып табылады.

Денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды құралдардың бірі – «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі платформасында енгізілген Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі (МКТБЖ). Аталған жүйе қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен медициналық көмек көрсету стандарттары негізінде көрсетілетін қызметтердің сапасын автоматтандырылған түрде бақылауға және бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы медициналық көмектің сапасын бақылау тетіктерін жетілдіру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.