«БАЛА ДАУЫСЫ – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ
Балалардың шығармашылық қабеліттерін дамыту, ән айту өнеріне қызығушылығын арттыру, ұлттық өнерді насихаттау мақсатында 28 мамыр күні Алға ауданы әкімдігінің қолдауымен, Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен балалар шығармашылығына арналған «Бала дауысы – 2026» атты өнер байқауының финалдық кезеңі өткізілді.
Ақтық ән додасына дейін байқаудың іріктеу кезеңі өткізіліп, үздік деп танылған өнерпаздар аудандық кезеңге жолдама алған болатын. Ауданымыз бойынша Алға қаласынан және ауылдардан келген өнерлі қатысушылар бойларындағы бар өнерлерін ортаға салып, көрермендер мен әділқазы алқасына тамаша көңіл-күй сыйлай білді. Қатысушылар эстрадалық және дәстүрлі ән жанрлары бойынша өнер көрсетіп, ішінен жүйріктері оза шапты.
Байқаудың қорытындысы бойынша 5-7 жас аралығындағы қатысушылар арасынан Алға қаласындағы «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушісі А.Букбанова «Бас жүлдеге», «Гүлдер» балабақшасының тәрбиеленушісі Н.Егінбай І орынға, Самбай ауылынан келген Т.Бисембі ІІ орынға, Маржанбұлақ ауылынан келген М.Оразбаева ІІ орынға, Тамды ауылынан К.Ахмедқызы ІІІ орынға, Қарабұлақ ауылынан А.Сисенғалиев ІІІ орынға ие болды. Ал 8-9 жас аралығындағы қатысушылар арасынан Тамды ауылынан Т.Битөре «Бас жүлдені», №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушылары М.Жайсұлтанова, Р.Пердешбаева мен М.Сақтағанқызының триосы І орынды, Бестамақ ауылынан Р.Сағынғали ІІ орынды, Самбай ауылының кішкентай тұрғыны Д.Шаукебаев ІІ орынды, Тоқмансай ауылынан келген Д.Манарбекова ІІІ орынды, Тоқмансай ауылынан бағын сынап келген Б.Зейнеп ІІІ орынды жеңіп алды.
10-13 жас аралығы бойынша Алға балалар өнер мектебінің оқушысы К.Дамирқызы «Бас жүлдені», Қарабұлақ ауылынан келген Е.Аралбайқызы І орынды, Алға қаласының тұрғыны Ф.Серкештаева ІІ орынды, Қарақобда ауылының тұрғыны Мұрат Санжар ІІ орынды, Алға қаласының намысын қорғаған Қуандық Тоқтар мен Н.Бекторған ІІІ орынды иеленді.
Аталмыш жұлдызды байқау өнерге ғашық жас өнерпаздардың қасиетті сахнаны сезіне білуге, өзін еркін ұстауына, тәжірибе жинақтауына және өнер жолында алғашқы қадамдарын жасауына үлкен мүмкіндік берді.
Байқау соңында жеңімпаздар арнайы «Дипломдармен» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. Қалған қатысушы өнерпаздар да «Алғыс хатпен» және сыйлықтармен марапатталды. Барша жүлделі орын алған өнерпаздарды шын жүректен құттықтай отыра, алдағы уақытта жарық жұлдыз боп жансын деген ізгі ниетімізді білдіреміз!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ