Джеки Чан Қазақстанда: Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды

АҚТАУ.KAZINFORM — Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды. Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайы Маңғыстау облысының әкімдігі.

 

Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Қазіргі таңда түсірілім тобы Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарында алғашқы кадрларды таспаға түсіріп жатыр. Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс жүргізіп, фильмнің бірқатар көріністерін түсірді.

Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай шығармашылық топ өкілдерімен кездесіп, халықаралық ауқымдағы киножобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау білдірді. Кездесу барысында өңірде креативті индустрияны дамыту, кино және телевизиялық жобаларды өндіру, жастарға арналған сапалы медиаконтент қалыптастыру, сондай-ақ Маңғыстаудың туристік және мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері талқыланды.

Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

– Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобалар Маңғыстауды халықаралық деңгейде танытып, өңірдің әлеуетін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Аталған жоба отандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға саналады. Ол ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Өңірдің бірегей табиғи және тарихи нысандарының халықаралық кино жобада көрініс табуы миллиондаған көрерменнің назарын аударып, туризмнің дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және өңір мен еліміздің халықаралық беделінің нығаюына ықпал етеді.

Бозжыра
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Түсірілім жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.

Осыған дейін Джеки Чанның қатысуымен Маңғыстауда фильм түсірілетіні туралы жаздық.