«Бес нәрседен қашық бол»


Жазғы демалыс кезінде Кеңес Нокин ауылында орналасқан «Шұғыла» балаларды сауықтыру лагерінде нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кездесу өтті.

Іс-шара облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Кездесу барысында балалар тақырыпқа сәйкес флешмоб ұйымдастырып, сурет салып,
нашақорлықтың зиянын насихаттайтын кино көрсетілімі болды.
Лагерь басшысы Эльмира Хайруллақызының айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты — жасөспірімдердің есірткіге және басқа да зиянды әдеттерге қарсы көзқарасын қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Шараға қатысушы салауатты өмір салты дәрігері Гүлдәрі Кәдірғалидың айтуынша, кейінгі кезде электронды темекіге тәуелділіктен құтқаруды сұрайтын жасөспірімдер көбейген.
— Кейбір жасөспірімдер ата-анасына айтуға қымсынып, алдымен бізге жүгінеді. Біз оларға электронды темекі мен басқа да зиянды заттардың денсаулыққа тигізетін зардабын түсіндіріп, қажет болған жағдайда ата-аналарымен бірге мәселені шешу жолын қарастырамыз. Бала көбіне достарының ықпалымен бастап, кейін қалай тәуелді болғанын өзі де байқамай қалады. Сондықтан ата-аналар баласын жазғырып емес, қолдап, ашық сөйлесуі керек, — деді маман.
Лагерь тәрбиеленушілері де ойларын ортаға салып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
— Абай атамыз айтқандай, бес кеселден қашық болсақ, болашағымыз жарқын болады деп сенемін. Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз. Лагерьде таңғы жаттығу жасап, түрлі спорттық және танымдық шараларға қатысып жүрміз. Мұнда жаңа дос тауып, уақытты қызықты өткіземіз. Нашақорлық адамның өмірін құлдыратады, сондықтан одан әрдайым алыс болған дұрыс, — деді лагерь демалушысы Алихан Абдрахман.
Айта кетейік, биыл аталған лагерьде алты маусым ұйымдастырылып, жаз бойы 920 бала демалады.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық кездесулерді жиі өткізетіндерін айтты.
А.АЛТЫБАЕВА.