Ауыл көпірі мәселесі шешілер ме екен?

   Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин Қарағаш ауылдық округі әкімі Абылай Жубаевтың халыққа есеп беру кездесуінде болып, ауыл тұрғындарының талап-тілектерін тыңдады. Есептік кездесу Қарағаш ауылдық округіне қарасты Самбай, Нұрбұлақ елді мекендерінде жалғасты. Сонымен қатар, жиынға Алға аудандық мәслихат төрағасы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі мен сектор меңгерушісі және ауыл тұрғындары қатысты.

 

Жиынның алғашқы отырысы Нұрбұлақ ауылынан басталды. Бұл ауылда көтерілген мәселе — интернет желісі. Нұрбұлақ ауылының интернет мәселесі бойынша ауыл әкіміне «Свим» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізіп, мәселені жақын арада шешу тапсырылды.

  Есепті кездесудің екінші отырысы Самбай ауылында жалғасты. Бұл ауылдың тұрғындары тарапынан айтарлықтай күрделі мәселе көтеріліп, сұрақ қойылған жоқ. Тек әуелден айтылып келген ауылдағы көпір қайта сөз болды. Бұл мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы жауап берді. Қуандық Үсенғалиевтің сөзіне сенсек, жөндеу жұмыстары биыл шілде айында толығымен аяқталады.

Бүгінде күн тәртібінен түспей жүрген басты проблеманың бірі жол мәселесі. Алғадан ауылға келер жолдың жәйі жақсы болғанымен көпір мәселесі өзекті болып тұр. Көптің сұрауына да көңіл бөлініп, қазір сол көпірдің жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тұрғындармен кездесу Қарабұлақта жалғасты

Аудан әкімінің тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Амангелді, Қарабұлақ ауылдарында кездесу өткізді.

Тұрғындармен кездесуге бірқатар бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен Болатбек Кангужин ауданда, соның ішінде Қарабұлақ ауылында атқарылғын жұмыстарға тоқтиала кетіп, тұрғындардың көтерген сұрақтары мен мәселелеріне жауап берді.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан Амангелді ауылына байланыс құрылғысын орнату, ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою, су қоймасының алаңына жарық шамдарын орнату, т.б мәселелер айтылды.

Болатбек Таңжарбайұлы «Алға-Қарабұлақ» тас жолымен өтетін ауыр жүк көліктерін бақылауға алуды ішкі істер бөліміне тапсырды. Сонымен қатар, ауыл әкіміне су қоймасының алаңына жарық шамдарын орнату бойынша «Алға-Жылу» КМК-мен бірлесіп жұмыстануды тапсырды.

Осы және өзге де сұрақтар көтерілген жиында бірнеше мәселелер талқыланып, шешілу жолдары қаралды.

 

Мәншүк САПАРОВА